Су тасқыны: Ақтөбе облысына 8,5 мыңнан астам волонтер тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Су тасқыны салдарымен күресте еріктілердің жұмысы туралы Ақтөбе облысының еріктілер өңірлік штабының өкілі Мирхан Ермағанбетов айтып берді.

помощь, волонтеры
Фото: Ақмола облысының жастар орталығы

«Ақтөбе қаласы мен облыстың бірнеше ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті атқарушы органдармен бірге волонтерлер су тасқыны басталғалы жұмыс істеп жатыр. Облыс көлемінде, Ақтөбе қаласы мен 6 ауданда 8600-ден астам волонтер қол ұшын созды. Әлеуметтік желідегі чат арқылы волонтерлердің жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылып жатыр. Соның нәтижесінде еріктілер бір жерден екінші жерге тез жетіп, көмектесуде. Олар адамдарды эвакуциялау, жеткізілген гуманитарлық көмектерді тарату жұмысымен айналысуда. Оның ішінде азық-түлік, жылыту құрылғылары, төсек орын және тағы басқа қажетті заттарды тұрғындарға жеткізіп жатыр», - деді Мирхан Ермағанбетов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, спикер өңірге Астана, Түркістан, Атырау, Қызылорда қаласынан гуманитарлық көмектің жеткізілгенін айтып, алғыс білдірді.

«Қазіргі уақытта еріктілер тазалық жұмыстарына кірісуді бастама ретінде көтеріп отыр. Осылайша облыс көлемінде сенбіліктер ұйымдастырып жатырмыз. Жалпы су тасқынының алдын алу және салдарын жою жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар