Су тасқыны: Ақтөбеде 92 үй қирап қалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Су тасқыны кезінде облыста 92 үй жарамсыз болып қалды. Қазіргі кезде Қарғалы өзенінде су көтеріліп, қала маңындағы бау-бақша ұжымдарының тұрғындары эвакуацияланып жатыр.
Ақтөбе облысы бойынша бүгінге дейін 792 үйге су кірген. Әзірге 92 үйдің қирап қалғаны белгілі. Сонымен 26 әлеуметтік нысан да тасқын су кезінде бүлінді.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлығы 15 мыңнан астам адамға арналған 86 уақытша қабылдау пункті дайындалды. Бүгінде су тасқыны қауіпі бар аймақтан 8978 адам, оның ішінде 3597 бала көшірілді. Ал қалада қазір Қарғалы өзенінің көтерілуіне байланысты бірнеше саяжай аумағынан тұрғындар эвакуацияланып жатыр.
- Қала бойынша эвакуациялық орталықтарда 1401 адам бар, оның 615-і бала. Оның 200-ден астамы кеше түннен бастап эвакуацияланды. Олар Строитель-7, Солнышко, Гидрогеолог, Гаухар, Абрикос, Надежда бау-бақша ұжымдарының тұрғындары, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, кеше Мағаждан бөгеті бұзылып, түнде эвакуациялау жұмыстары басталып, бүгін жалғасты. Оған көлікпен қатар тікұшақ жұмылдырылды. Тұрғындар Бесқоспа ауылы мен Бестамақтағы эвакуациялық пункттерге жеткізілді.