Су тасқыны: Ақтөбеде бір ауылға фельдшерлік пункт салынып, екеуі жөнделеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбеде 4 емдеу орнына су кірді. Оның екеуі мүлде жарамыз болып қалды. Қалған екі нысан жөнделеді.

Ақтөбе облысы бойынша барлығы 4 емдеу орнына су кіргенімен, оның біреуі мүлде қайта жаңартылмайды. Себебі Ойыл ауданы Екпетал ауылы таратылып, халқы аудан орталығына көшті. Ал ай бойы суда тұрған Ырғыз ауданы Нұра ауылдағы дәрігерлік амбулатория енді Сарыоба жеріне салынады.
- Ырғыз ауданы Нұра ауылындағы емдеу орны «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында салынады. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, құрылыс басталды. Тапсырыс беруші - Ақтөбе облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ал Ойыл ауданы Қаратал ауылындағы Берсиев дәрігерлік амбулаториясы жөндеуге жарамды деп танылды. Бұл ғимарат 2007 жылы салынған. Мұнда барлығы мыңнан астам адам тіркелген. Аудан орталығы Ойылдан 25 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдағы емдеу орны 2020 жылы жөнделген.
- Су тасқыны кезінде Берсиев дәрігерлік амбулаториясының ішіне су кіріп, 30 см көтерілді. Бүгінгі күні техникалық сараптама өткізілді. Едені, ағаш есіктері жарамсыз. Қабырғасы суланып, сылағы түскен. Ғимараттың тозуы 49,6% құрайды. Бағалау қорытындысы бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған. Қалпына келтіру жұмыстары Ойыл аудандық ауруханасының жеке қаражат есебінен жүргізуге шешім қабылданды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ал Ақтөбе қаласы Өрлеу ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. Бірақ бұл уақытша ғана амал. Себебі дәрігерлік амбулатория ғимараты ойпатты жерде орналасқанын. Мұнда жыл сайын су кіреді. Қазір тозуы 87 % құрап отыр. Бүгінгі таңда жаңа ғимарат салу жөнінде шешім қабылданды. Алдымен жер мәселесі шешілуі тиіс.
Еске салсақ, Ақтөбеде облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда тасқыннан кейінгі қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Биыл көктемде су өту, су шаю бойынша барлығы 51 факті тіркелген.