Су тасқыны: Ақтөбеде бүгінге дейін қайықпен жүрген ауылда жол қатынасы жанданды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылында жолға 26 метрге жуық суағар құбыр салынды. Қазір көлік қатынасы жанданды.

су тасқыны
Фото: видеодан алынды

Ақтөбенің Жайсаңбай ауылы су тасқыны кезінде аралда қалды. Ауылды жағалай су басқан кезде бірнеше рет өткел, көпір салу жұмысы жүргізілген. Алайда су ағысы қатты болып, еш нәтиже бермеген. Тұрғындар шешімін табуды, қысқа дайындалу үшін уақыт аз қалғанын айтып, мәселені қайта көтерді. Нәтижесінде ауданаралық маңызы бар «Ырғыз-Жайсаңбай» бағытындағы автокөлік жолына ұзындығы 25,40 метрді құрайтын 7 суағар құбыры салынған.

су тасқыны
Фото: видеодан алынды

- Осыған дейін жолдың жағдайын айтып, жанайқайымызды жеткіздік. 4 ай бойы ауылға қатынау қиын болған еді. Міне, жол пайдалануға берілді. Атқарылған жұмыстардың қорытындысын көріп отырмыз. Біз сұрағандай екі жерден бөгет салынды. Қатынастың реттелгеніне қуаныштымыз. Барлық осы жұмыстарға атсалысқан азаматтарға, басшыларға алғысымызды айтамыз,- деді өз қуанышын жеткізген ауыл тұрғыны Қоныскүл Қосыбекова.

су тақыны
Фото: видеодан алынды

Жолды қалпына келтіру жұмыстарына 5 техника және 35 адам жұмылдырылды.

Айта кетейік, Жайсаңбай ауылында тасқын кезінде қатынас үзіліп, жарық та өшті.

Тасқыннан кейін жолсыз қалған ауыл тұрғындары бүгінге дейін қайықпен қатынады. Тіпті кейде жанар-жағармайын өздері құйды.

 

Соңғы жаңалықтар