Су тасқыны: Ақтөбеде бұзылған бөгетті жөндеу жұмысы келер жылы да жалғасады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Су тасқыны кезінде Ақтөбе облысында 15 бөгет бұзылды. Қазір оның 9-ында жөндеу жұмысы аяқталды.

Ақтөбе облысында бұзылған 15 бөгетпен қатар тағы 7-і салынып, нығайтылып жатыр.
- Көктемгі су тасқыны кезінде облыс аумағында 15 бөгет бұзылды. Бүгінде 9-ында қалпына келтіру жұмысы толық аяқталды. Ал Көсем және Тереңсай бөгеттерінде мердігерлер жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Жөндеу келер жылы аяқталады. Сонымен бірге тағы 4 бөгеттегі жөндеу жұмысы биыл аяқталып болуы тиіс. Оған қосымша 7 бөгет салу жұмысы жүріп жатыр. Жұмыс биыл аяқталады,- деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Бекболат Нұрашев.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарына «Демеу» қорынан 4 млрд теңге, жерлігікті бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді.
- Қара қорғаныс бөгетіне және Темір ауданындағы Көсем және Тереңсай бөгеттеріне қаржы демеушілерден бөлінді. Әр ауданда әртүрлі жобалық-сметалық құжат жасалған,- Бекболат Нұрашев.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы аумағында 206 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 174-і коммуналдық, 10-ы республикалық және 22-і жеке меншік.