Су тасқыны: Ақтөбеде екі ауылдың балалары тасымалданып оқытылады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Су тасқыны кезінде бүлінген 14 білім ордасының 8-і жөндеуге жарамды. Қазір біреуі қалпына келтірілді. Өзгесіндегі жұмыс қыркүйекке дейін аяқталады. Сонымен бірге 6 нысан салынады.

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқыны кезінде зақымданған 14 білім нысанының алтауына жаңа құрылыс жүргізіледі. Бес білім ордасын салу үшін Үкімет резервінен 6,2 млрд теңге қаражат бөлінді. Ал Ырғыз ауданы Нұра ауылындағы мектеп жеке кәсіпкер қаражаты есебінен салынып жатыр.
- Ақтөбеде облысы бойынша салынатын 6 білім ордасының үшеуі — мектеп. Біріншіден Мұғалжар ауданы Көтібар батыр ауылындағы 60 орындық мектеп құрылысы жыл соңында аяқталады. Онда білім алатын 38 оқушы Ақкемер ауылындағы мектепке тасымалданады. Екі ауылдың арасы 15 шақырым. Барлығы бір ауысымда білім алып, түстен кейін үйіне оралады. Екіншіден Ырғыз ауданы Нұра ауылындағы мектептің бастауыш сынып оқушылары үшін сол ауылдағы үй қайта жарақталып беріледі. Бастауыш сыныптағы 22 балаға екі класс жасақталып, олар сонда білім алады. Ал жоғары сынып оқушылары онлайн оқиды. Нұрадағы мектеп жыл соңында қолданысқа беріледі. Үшіншісі Ойыл ауданы Екпетал ауылындағы мектеп. Ауыл түгел аудан орталығына көшірілді. Мұндағы 320 орындық мектеп құрылысы аяқталғанға дейін балалар Ойыл колледжінде оқиды. Мұнда бар жағдай жасалған. Колледж ғимаратындағы мектепке 50 бала барады. Ол 9 сыныптың оқушылары, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Артур Ауезов.
Айта кетейік, биыл 433 мектепте 180 мыңнан астам бала оқиды. Оның ішінде 18 мыңнан астамы 1 сыныпқа барады.
- 1-4 класс және арнайы санаттағы отбасы балаларына тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға тиісті қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. 1 қыркүйектен бастап 79 590 оқушы тегін тамақтанады. Жыл сайын жаңа оқу жылының алдында әлеуметтік осал отбасы балаларына көмек көрсетіледі. Биыл 17 543 баланың ата-аналарының есепшоттарына қаржылай көмек аударылады. Бұл мақсатқа 761,4 млн теңге бөлінді, - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.
Жаңа оқу жылына дейін 3 800 орындық 6 мектеп пайдалануға беріледі.