Су тасқыны: Ақтөбеде мал шығыны өтеліп жатыр

су тасқыны
Фото: ТЖМ

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде есеп бойынша 3232 бас мал қырылды. Қазір 677 бас малға 89,1 млн теңге аударылды.

Өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Шығынды есептеумен қатар өтеу де қолға алынған.

- Алдымен малдың құны анықталады. Ол үшін статистика департаментінің аудандық филиал өкілдері малдың жас ерекшелігіне байланысты нарықтық бағаны айтады. Бұл дерек оларда болады. Сол дерекке сәйкес малдың өтемақысы анықталады. Аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою комиссиясы акті жасап, шешім шығарған соң қаржы аударылып жатыр. Қазір 677 бас мал иесіне 89,1 млн теңге қаржы аударылды. Жұмыс жалғасады, - деді Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Өтеш. 

Айта кетейік, су тасқыны кезінде қырылған мал өтемақысын төлеудің алгоритмі бар. Ол үшін өлексесі, сырғасы болуы керек. Әрі ауыл шаруашылығы базасында тіркелгені расталады.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы әкімдігі мал шығынын өтеу үшін республикалық бюджеттен 2,2 млрд теңге сұрады

Соңғы жаңалықтар