Су тасқыны: Банктерге 6 мыңға жуық ақтөбеліктің тізімі жіберілді

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде 5900 жеке тұлғаның және 200-ге жуық заңды тұлғаның несиесін кейінге шегеру үшін тізімі алынды. Тізім Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберілді.

Ақтөбе облысының әкімі екінші деңгейлі банк өкілдерімен кездесіп, несиені кейінге шегеру кезіндегі кедергілерді талқылады. Тек жеке тұлғалардың емес, кәсіпкерлердің де осындай мүмкіндігі бар. Алайда кейбір банкте жүйе реттелмеген. 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Адамдар қоғамдық штаб мүшелеріне жүгінген. Мысалы, «Береке банк» төлемдерді екі айға кейінге шегеріп, бірақ келесі айларда төлемді екі есе қайтару шартын ұсыныпты. Демек, адам айына бірден екі есе төлем жасайды. Олай болмауы керек. Несиені қайтару қарызы бойынша кейінге қалдыру су тасқынынан зардап шеккен адамдарға қиын кезеңде оларды қолдау мақсатында беріледі», - деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдіктері зардап шеккендердің тізімін жасап, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберді. Қазіргі таңда облыс бойынша зардап шеккен 5 900 жеке және 200-ге жуық заңды тұлғаның тізімі жолданды. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде Агенттік зардап шеккен аймақтардың тізімін құрып, оны барлық екінші деңгейлі банктерге жіберген.

Соңғы жаңалықтар