Су тасқыны кезінде ақтөбелік дәрігерлер тұрғындарға қалай көмек көрсетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Су тасқыны кезінде Ақтөбе облысы бойынша психологиялық көмек көрсететін жедел желі іске қосылды. Сонымен бірге құтқару, эвакуациялық пункттердегі адамдарға медциналық көмек көрсету жұмыстарының бәрінде ақ халаттылар қатар жүрді.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы
Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Медициналық-психологиялық көмек

Ақтөбе облысы бойынша 132 адам психологиялық көмек беру желісіне қоңырау шалған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның 113-і ақпарат алса, 18-і шын мәнінде психологиялық көмекке мұқтаж болды. Қазір өңірде барлығы 23 психолог су тасқыны кезінде қауіпсіз жерге көшірілген адамдарға көмек көрсетіп жүр.

Ақтөбе облысы
Фото: Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы

- Қазір облыста 20 эвакуациялық бекет болса, олардың әрқайсысында психологтар, дәрігерлер жұмыс істейді. Сонымен бірге жедел жәрдем кезекшілігі де бар. Барлығы 18 техника, 58 медицина қызметкері осы жұмысты атқарып жүр. Өлім-жітім тіркелмеді. Жүкті келіншектер мен балалардың денсаулығы қалыпты. Ырғыз ауданында егіз қыз аман-есен дүниеге келді. Олар тікұшақпен аудан орталығына жеткізілді,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

дәрігерлер
Фото: Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Қан қысымы көтеріліп, суық тиді

Су тасқыны кезінде Ақтөбе облысы бойынша ауқымды эвакуация жұмысы Ойыл ауданында жүрді. Мұнда ауданның барлық медицина қызметкері жұмылдырылды. Сонымен бірге облыс орталығынан пульмонолог, балалар дәрігері, хирург пен психологтар құралған 4 маман шақырылды.

- Аудандағы мектеп-гимнация, спорт мектебі, колледж жатақханасында эвакуациялық пункт бар. Онда су тасқыны кезінде үш бригада жұмыс істеді. Жедел медициналық көмекпен қатар психологтар кеңес берді. Ең алдымен салқын судан балаларға суық тиіп қалды. Негізі жүкті келіншектер мен балалардың көбі күні бұрын эвакуацияланды. Дегенмен су ортасындағы ауылда қалған адамдар құтқарылып, көмекке жүгінгендер болды,- деді Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев.

дәрігерлер
Фото: Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Оның айтуынша, тасқын кезінде медцина қызметкерлері тікұшақтан күтіп алып, көмек беру қызметін атқарған. Себебі аудан орталығына жеткізілген адамдар арасында үсті-басы су болған адамдар да болды.

- Қазір бәрі тұрақты. Оншақты адам ауруханаға жатқызылды. Бірінің қан қысымы көтерілді, екіншісіне суық тиді. Жарақат алған ешкім жоқ. Қазір эвакуациялық пункттерде біздің қызметкерлер әлі де бар. Ол жерлерге тәулік бойы кезекшілік қойылды. Дәрі-дәрмегін береді, психологиялық көмек көрсетеді,- деді Сәндібек Нұрбаев.

Бұл аудандағы Екпетал ауылының амбулаториясы жарамсыз күйге түссе, Қаратал ауылындағы емдеу орнына су кірген.

Ақтөбе облысындағы су тасқыны
Фото: Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Қаладағы эвакуациялық пункттерде дәрігерлер күні-түні жұмыс істейді

Қазір де Ақтөбе қаласындағы эвакуациялық пункттерде кезекшілік бар. Онда мектеп мейірбикелері мен психологтар, дәрігер жүр.

- №31 қазақ орта мектебінде наурыздан бастап кезекшілікке шығып жүрміз. Балаларға суық тиіп ауырған кез болды. Сырылы ұлғайып, деміккен кезде жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жібердік. Негізі біз балаларды, адамдарды бақылап, тексеріп жүреміз, - деді №2 емхананың мектеп дәрігері Әсел Шукенова.

Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде облыстық перинаталдық орталықта 177 сәби өмірге келді. Оның 99-ы қыз, өзгесі ұл.

- Үш сәби су тасқыны қаупі төнген ауылдан болды. Сондықтан олардың перзантханада ұзақ уақыт жатуына мүмкіндік жасалды. Негізі аудан, ауылдан жүкті келіншектерді тасымалдауда еш қиындық болмады. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдын ала қамданып, эвакуациялады. Ырғыз ауданында егіздер өмірге келгені белгіні. Онда бригада жіберілгенімен, жолда жергілікті дәрігер босандырып алды. Қазір ана мен баланың денсаулығы жақсы,- деді Ақтөбе облыстық перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Андрей Гайдай.

Соңғы жаңалықтар