Су тасқынына дайындық: Батыс Қазақстанда бірнеше өзеннің арнасы кеңейтілді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су басу қаупі бар 185 елді мекен есепке алынған.

Батыс Қазақстанда бірнеше өзеннің арнасы кеңейтілді
Фото: БҚО жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс басқармасынан

БҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Исмаил Азаматтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, биыл инженерлік жұмыстар жоспары бойынша 35 іс-шара көзделсе, соның 19-ы мәресіне жеткен.

Батыс Қазақстанда бірнеше өзеннің арнасы кеңейтілді
Фото: БҚО жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс басқармасынан

Оның сөзіне қарағанда, қалған 16 іс-шара бойынша жұмыстар жалғастырылып жатыр.

- Жалпы, осы жылы жүргізілген іс-шаралар аясында 12 км қорғаныс бөгеттері салынды. Сондай-ақ 0,6 км канал кеңейтіліп, 1,3 км арық жүйесі қазылды. Жақсыбай, Қалдығайты, Қайыңды және Өлеңті өзендерінің арналары кеңейтілді. Аудандық маңызы бар автожолдарда 21 су өткізу құбыры орнатылып жатыр. Бұдан бөлек, 2025 жылы Бәйтерек ауданы Чиров ауылындағы су қоймасын жөндеу жұмыстары аяқталды. Орал қаласында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейін бақылауды күшейту үшін автоматтандырылған 3 гидробекет орнатылды. Аталған гидробекеттер автоматты түрде тәулік бойы ақпарат беріп отырады, - дейді И.Азамат.

Батыс Қазақстанда бірнеше өзеннің арнасы кеңейтілді
Фото: БҚО жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс басқармасынан

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміне 22 инженерлік техника, 5 мотопомпа, 16 сиреналық-сөйлеу құрылғысы мен мұз кескіш сатып алынды. Сатып алу жұмыстары жүріп жатыр.

- Қазіргі уақытта облыстағы барлық инженерлік техникаларға тексеру жүргізіп жатырмыз. Тексеру аяқталған соң қажетті техникалар бойынша келісім-шарт жасақтайтын боламыз. Мұз жару қажет орындардың барлығы анықталды, желтоқсан айынан бастап байқау жариялауды жоспарлап отырмыз. Қажетті қаптар мен инертті материалдар қоры әзірленген, - деді И.Азамат.

Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, 150 шақырымнан астам арық жүйесі бар. Биыл тұрғын үй алаптарын еріген қар, жаңбыр суының басуын алдын алу мақсатында қалада жалпы ұзындығы 3 километрден астам арық жүйесі салынды.

Батыс Қазақстанда бірнеше өзеннің арнасы кеңейтілді
Фото: БҚО жұмылдыру дайындығы, азаматтық және аумақтық қорғаныс басқармасынан

Күні бүгін қала аумағындағы жол жиегіндегі арықтарды және жол суағарларын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Орал қаласы аумағында ықтимал су тасқынынан қорғау мақсатында бөгеттер нығайтылды. Бөгеттердің жалпы саны - 12, оның ұзындығы - 11,4 км.

Су тасқынымен күреске Орал қаласы аумағындағы коммуналдық мекемелердің 400-дей техникасы дайын. Оның ішінде 30 су сорғыш, 40 инженерлік техника, 150 жүк көлігі, 50 жеңіл көлік, 72 трактор, 30 мотопомпа және адамдарды эвакуациялауға арналған 30 техника бар. Оған қоса қала аумағындағы құрылыс және жол салу саласындағы компаниялардың техникалары түгенделіп жатыр. Сондай-ақ қаладағы жеке және заңды тұлғалардың техникаларын тартуға 6 келісім-шарт (100 техника) жасалды.

Әкімдік мәліметі бойынша Орал қаласында төтенше жағдай болған жағдайда зардап шеккен тұрғындарды орналастыру үшін 16 эвакуациялық пунктте 4 мың адамға арналған орын бар, 2 мың керуерт, 2 мың төсек-орын дайын. Қажеттілікке байланысты матрас және басқа да қажетті төсек-орындармен қосымша жабдықталады.

Төтенше жағдайлар кезінде ауыл шаруашылығы жануарларын уақытша ұстау орындарымен және жем-шөппен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді орындауға жеке кәсіпкерлік және шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізіліп, ниетшарт жасалды. Меморандум-келісім негізінде «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-мен қажет болған жағдайда өзінің ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану арқылы қаланың елді мекендері мен шаруа қожалықтарына мал азығын жеткізу жұмысы ұйымдастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мұқтаждықтары үшін аталған серіктестіктің сақтау орындары мен қоймалары пайдаланылады.

- Су тасқыны орын алған жағдайда сол аумақтағы жақын жерде орналасқан аялдамалар және сауда үйлерінің аумағы тұрғындарды эвакуациялау орындары болып белгіленді. Көшірілетін тұрғындарды тасымалдау, ыстық тамақ пен бірінші қажетті керек тауарлармен қамтамасыз ету үшін бизнес субъектілерімен 31 ниетшарт жасалды. Орал қаласы бойынша су тасқыны кезінде жол қатынасынсыз қалатын елді мекендер жоқ, - деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын көктемгі су тасқынына дайындық барысында Орал қаласы мен Қаратөбе ауданы әкіміне сөгіс жарияланғанын жазған едік.

Сондай-ақ Оралда Жайық өзені жағасындағы үйлер тұрғындары көшірілетіні хабарланды.

 

 

Соңғы жаңалықтар