Су тасқынынан соң өтемақы алған ақтөбеліктер баспанасын жөндеуге кірісті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласы бойынша 3600-ге жуық үйге техникалық тексеру жүргізіліп, басым бөлігіне бағалау комиссиясының қорытындысы шығарылды. Қазіргі кезде 172 үй жарамсыз күйде. Ал 501 отбасына 2,2 млрд теңге өтемақы төленді. Қазір қала тұрғындары баспанасын жөндеуге кіріскен.


Ақтөбе қаласында көбіне саяжай аумағындағы үйлерге су кірген. 3600-ден астам үйге техникалық тексеру жүргізілген болса, оның 3200-ден астамы бау-бақша ұжымында орналасқан.
Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 501 отбасына 2,2 млрд теңге өтемақы төленді.
Комиссия қорытындысы бойынша әзірге 172 үй тұруға жарамсыз. Оларға жаңа пәтер беріледі. Қаржы «Өтемұратов қорынан» аударылады.

— Әзірге ешкім үй алған жоқ. Қазіргі кезде «Өтемұратов қоры» пәтерлерді сатып алып жатыр. Осы айда беріп бастайды. Жаңа үйлердің пәтерлері қаралама нұсқада сатылады. Оны әктеп, дайын күйінде беру уақыт алады. Оны тұрғындармен кездесуде түсіндірді, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.
Қазіргі кезде өтемақы алған тұрғындар үйді кептіру, қажетті құрылыс материалдарын сатып алу және жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Көбі өз күшімен жұмысын бастаса, кейбірі туған-туыстарын шақырып, үме жасаған. Үйдің үлкендері ылғал болса өз баспанасына қонады, ал балалары эвакуациялық пунктерге орналасқан.

— Менің үйімдегі су тіземен бірдей болды. Үйдегі техникамыз суға кетті, жиһазымыз да ісінді. Үйге су кіріп, эвакуация жасалғанда дайындап қойған жерге бардық. Содан бері сонда тұрамыз. Ал қазір күндіз үйге келіп-кетіп жүрміз. Жарамсыз заттарды шығарып, кептіріп, тіпті әктеп те қойдық. Үйімнің құжаты жоқ. Жер алып, өзіп екі бөлме салып алған едім. Содан құжаты жасалмай қалды. Бізге қалада құрылған қордан 1 млн 900 мың теңге берді, — деді Амангелді Мыржақыпов.

Ол бұл қаржыға кіреберіс бөлмесін салып алуды жоспарлап отыр. Отбасы газ құбырын тарта алмай, қыста от жағады.
Ал Мұратбай Әбдібакиев үш бөлмелі үйі үшін 3,8 млн теңге алды. Отбасында 7 жан бар.

— Бұл үй әкемнің атында. Ол құжаттармен жүгіріп, арыз-шағымын айта алмайды. Сенімхатты әйеліме беріп, бағалау қорытындысы шыққанда келісіммен қол қойған. Бірақ бізге бөлінген ақша аз. Қазір үй ылғал, сонда да еденге ағаш төсеп, осында қонамыз. Эвакуациялық пунктте у-шу болған соң қиын. Онда тек балаларым бар. Баламның бірі екінші топ мүгедегі, — деді Мұратбай Әбдібақиев.
Ақтөбелік тұрғын алдағы уақытта үй ішін кептіріп, қабырғаларын сырлап алмақ. Құрылыс жұмыстарының бәрін өзі жасауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша су тасқынына қарсы күрес жұмысы аяқталды. Қазіргі кезде барлық ауданда үй салынып жатыр.
Тек Ырғыздың Нұра ауылында нақты шешім шықпады.

