Су үнемдеп, өнімді арттыру: Түркістандық диқандарға 1,6 млрд теңге субсидия төленді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістандық шаруалар қуаңшылықтан зардап шекпес үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесін кеңінен қолданып жатыр. Бұл технология суды 2 есе үнемдеп, өнімді 3 есе арттырады, деп хабарлайды Jibek Joly арнасы.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Ал кеткен шығынды мемлекет өтейді. Диқандарға бүгінге дейін 1 млрд 600 млн теңге субсидия төленген.

Жетісайлық шаруалар бірнеше жылдан бері су тапшылығын сезініп келеді. Ал тығырықтан шығудың бірден-бір жолы тамшылатып суару әдісіне көшу. Мәселен, бұл шаруақожалық 230 гектарға мақта еккен. Оның 170 гектарына тамшылатып суару әдісі енгізілген.

— Жылдан жылға жақсарып келе жатырмыз. Жаңа технологиялар шығып қазір. Насостар қойылып, фильтрация деген нәрселер келген, өзіміздің отандық өнім. Осы арқылы көреміз енді тамшылатып суарудан, — деді шаруа қожалық қызметкері Атабек Ташметов.

Жетісай ауданында қазір 6 мың гектарға жуық жерге су үнемдеу технологиясы енгізілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 8 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Бұл — облыс бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

— Жыл соңына дейін жалпы жоспарды орындаймыз деген үміттеміз. Мұның мақсаты — су үнемдеу, мол өнім алу мақсатында іске асып жатқан жобалар. Бізде МТС ашылған. Жаңа технологиялар келген. Бұрын жүйектің қашықтығы 90-дық болса, 76-лықпен де егіп көріп жатырмыз. Өнімді көбейту мақсатында, — деп атап өтті Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерқуат Тұрғынбаев.

Су үнемдеу жүйесінің гектарына кететін орташа шығыны — 800 мың теңге. Бірақ бұл қаражат диқандардың қалтасынан шықпайды. Шаруаларға жаңа технологияны енгізген жағдайда кеткен шығынның 80%-ін мемлекет субсидиялап береді.

— Су үнемдеу технологияларын енгізгені үшін 80 пайызға дейін мемлекеттен субсидия төлеу қарастырылған. Қазіргі таңда 1,6 млрд астам қаржыға осы бағытта тиісті субсиядиялар төленді, — дейді Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов.

Ағын судың 70%-ін көрші елден алатын Түркістан облысының шаруалары үшін суару маусымында тіршілік нәрінің құны артады. Ал жаһандық жылыну мен су ресурстарының тапшылығы жағдайында тамшылатып суару әдісі- тиімді шешім болып тұр.

Бұдан бұрын Қазақстанда шамамен 85 мың гектар жер су үнемдеу технологиясымен суарылатыны анықталды.

Соңғы жаңалықтар