Суармалы су тапшылығын шешу үшін Түркістан облысында жаңа су қоймалары салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Өңірде жаңа су құрылыстарын салу бойынша жобалар белсенді іске асырылуда. Қазірдің өзінде «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ «Боралдай» жобасының жұмысы басталды.

суару
Фото: Pixabay

Осы жобалар аяқталғаннан кейін «Бөген» су қоймасына қосымша 113 млн м3 су жіберіледі деп күтілуде, бұл суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуді айтарлықтай арттырады.

Сонымен қатар өңірде Ордабасы мен Сауран аудандарында қосымша су қоймалары іске қосылады, бұл тәулігіне 194 м3 дейін су беруге мүмкіндік береді.

— Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға, өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық егілді. Оның ішінде, суармалы алқап 552,0 мың гектарды құрайды. Егістікке қажетті ағын су көлемі фермерлердің сұранысына сәйкес бөлінеді. Вегетациялық маусым басталды және қалыпты деңгейде өтіп жатыр, — деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Бүгін Олжас Бектенов вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құруды тапсырды.

Қазақстанда шамамен 85 мың гектар жер су үнемдеу технологиясымен суарылады.

Соңғы жаңалықтар