Суданның Кордофан өңірінде дронның шабуылынан 104 бейбіт тұрғын қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Суданның Кордофан өңірінде 4 желтоқсаннан бері жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) шабуылдары салдарынан кемінде 104 бейбіт тұрғын көз жұмды. Бұл туралы сейсенбі күні БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк мәлімдеді, деп жазды Синьхуа.
Оның айтуынша, оқиғаланың бірінде дрондар Калоги қаласындағы (Оңтүстік Кордофан) балабақша мен ауруханаға соққы жасап, салдарынан кемінде 89 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Құрбандардың арасында 8 әйел мен 43 бала бар.
Фолькер Тюрк Суданда қарсылас топтар арасындағы қақтығыстардың ушығуына қатты алаңдаушылық білдіріп, жанжалдасушы барлық тарапты, сондай-ақ ықпалды мемлекеттерді дереу атысты тоқтатуға және одан әрі қылмыстардың алдын алуға шақырды.
Сонымен қатар ол сенбі күні Кадугли қаласындағы (Оңтүстік Кордофан) БҰҰ базасына жасалған дрон шабуылы кезінде алты бітімгердің қаза табуын қатаң айыптады. Жоғарғы комиссардың айтуынша, бейбітшілік миссиясы қызметкерлеріне жасалған шабуылдар соғыс қылмысына теңестірілуі мүмкін.
Бұдан бөлек, жексенбі күні Диллинг қаласындағы (Оңтүстік Кордофан) ауруханаға дрон соққысы жасалып, кемінде 6 адам қаза тапты, тағы 12 адам жараланған, олардың арасында медицина қызметкерлері де бар. Фолькер Тюрк медициналық мекемелер мен медицина қызметкерлері халықаралық гуманитарлық құқықпен қорғалатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ Судандағы зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырған еді.