Суицид – қиындықтан шығар жол емес

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта елімізде өз-өзіне қол жұмсау деректері туралы ақпарат жиі шыға бастады. Адамдардың мұндай қадамға баруына түрлі жайттардың түрткі болатыны анық.

өзін өлтіру
Фото: Pexels

Мәселен, «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі 2015-2019 жылдар аралығында Маңғыстау облысында «Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу» жобасын іске асырған. Сол кездегі зерттеулер барысында бір өңірдің өзінде 1 056 жасөспірімнің қауіп-қатер тобына енгені анықталған. Ал Бас прокуратураның мәліметінше, 2024 жылдың 8 айында еліміз бойынша 2 389 суицид оқиғасы тіркелсе, оның 128 оқиғасын 15 пен 18 жас аралығында жасөспірімдер жасаған.

Әрине, мемлекет тарапынан мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған бірқатар шара да қабылданды. Айталық, өткен жылы әйел құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Сондай түзетулердің біріне сәйкес, суицидті насихаттағы үшін және 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Дегенмен, әлі де болса балалар мен жасөспірімдер арасында суицидке итермелейтін жағдайлардың белең алуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет.

«Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының қауымдастығы» адам бойындағы суицидтік ойлар көбіне өмірдің мәнін жоғалтқан кезде пайда болатындығын алға тартады.

- Айналасындағы адамдардың назарын өзіне аудартқысы келген сәтте өз-өзіне қол жұмсайды. Ондай адамдардың жан дүниесінде реніш, өкпе-наз көп болады. Соңғы кездері жасөспірімдердің арасында зорлық-зомбылықтың кездесуі де өз-өзіне қол жұмсауға түрткі болып жатыр. Суицид – бұл батырлық та, әлсіздік те емес. Бұл – дер кезінде шешілмеген шиеленістің, қақтығыстың салдары, күйзелістің нәтижесі. Күйзелістен дер кезінде емделмесе, ең ауыр салдары – суицидке ұласуы мүмкін. Сондықтан балаларыңызға мұқият болыңыз. Оның күнделікті көңіл-күйіне, мінез-құлқына, достарымен, сыныптастарымен қарым-қатынасына көңіл бөліп отырыңыз. Балаңыздың әлеуметтік желідегі достары мен кімге жазылғанын қарап отырғаныңыз да жөн. Ешқашан балаңызды кінәламаңыз, кемшілігін бетіне баспаңыз. Ең бастысы, балаңыздың сөзіне кедергі келтірмей, тыңдай біліңіз. Қандай жағдай болса да балаңызбен бірге екеніңізді үнемі айтып жүріңіз, - дейді қауымдастық мамандары.

Жаһандық дертке айналған депрессиямен күресудің жолы қандай? Бұл сұраққа мамандардың жауабы мына сілтемеде

Соңғы жаңалықтар