Сұлулықтың символы тек әйел емес – Қазақстандық ерлер өзіне қандай күтім жасайды

Косметологиясы
Фото: Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық қоғамда сұлулық туралы айтқанда әйелдер қатар айтылады. Халықаралық әйелдер күнінде де нәзік жанды аруларды сұлулықтың символы деп әспеттегендер жетерлік. Алайда заманауи өмірде бұл сұлулыққа ерлердің де таласы бар, бір кездері айтылған «Маймылдан сәл әдемі болса жетеді» деген түсінік ескіріп бара жатқандай. KAZINFORM тілшісі астаналық мамандарға хабарласып, ерлер арасында қандай сұлулық процедуралары сұранысқа ие екенін сұрап көрді.

«Dermаexpert» клиникасының дерматолог-дәрігері, дерматокосметолог Еркен Дайыровтың айтуынша, қазіргі уақытта ерлер де бет күтіміне мән бере бастады. 

«Біздің клиника ересектер мен балалар терісін емдеуге маманданған және емдеуге жан-жақты тұрғыдан қараймыз. Адам терісі — көптеген функцияларды орындайтын ең үлкен ағза. Тері адамның денсаулығы мен сұлулығын көрсетеді. Қазір ерлер косметологиясындағы тенденциялар қарқын алып келеді, ерлер де таза, сау теріні қалай бастады. Көбінесе еркектер мен жасөспірімдер бетіндегі бөртпе, безеу тыртықтары, пигмент, қан тамырларының көрінуі мәселелерімен жүгінеді. Әдетте бізге 15-45 жастағы ер жігіттер көбірек келеді, дегенмен 45-тен асқан ерлер де жасартатын процедураларға келеді, өйткені бет-әлпет — адамның визит картасы іспеттес», — дейді Е. Дайыров. 

Еркін Дайыров
Фото: Кейіпкердің Instagaram парақшасынан алынды.

Дәрігердің айтуынша, ең алдымен, ерлер косметологиясы — бөртпесіз, безеусіз сау тері. Қоғамда ерлер күтіміне байланысты стереотип қалыптасқан және көп жағдайда білімсіздіктен теріге күтім жасалмайды. Салдарынан тері тез қартаяды, жасөпірім кезде шыққан безеу-бөртпелердің тыртығы қалады.

бет күтімі
Фото: filler.by

Tulip Medicine эстетикалық хирургия клиникасының атқарушы директоры Қарлығаш Темірболат ерлердің бет күтімінен бөлек, тершеңдіктен арылу, шаш трансплантациясы, құлақ пен мұрын оталарын жасатынын айтты. Оған қоса, ерлердің ұзақ емдеу курстарын ұнатпайтынын, лезде эстетикалық әсерді қалайтынын атап өтті. 

«Ерлердің әйелдерден айырмашылығы — тез әсер ететін процедураларды жақсы көретінінде. Мысалы, бет әжімдерін кетіру немесе емдеу кезінде ботулинум терапиясы немесе ботокс сияқты процедураларды ерлер жиі жасатады. Сондай-ақ, ерлер гипергидрозды немесе алақанның, өкшенің және қолтықтың шамадан тыс терлеуін емдетуге жиі келеді. Бұл мәселе ерлерде жиі кездеседі және жұмыста, спортпен шұғылдануда, жақсы киім киюде кедергі келтіреді. Әсіресе Астанадағы кеңсе қызметкерлері арасында бұл процедура өте танымал, өйткені олар үнемі көйлек киіп, маңызды іс-шараларға қатысады», — дейді Қ. Темірболат.

Сондай-ақ, клиника басшысы ер адамдардың шаш қалыңдығына баса көңіл бөлетінін атап өтті. Бұрын шаш трансплантациясы тек шетелде, атап айтқанда Түркияда қолжетімді болса, қазір елорда клиникалары да бұл қызметті ұсына алады. Анағұрлым күрделі эстетикалық процедуралар ішінде құлақ пен мұрын пішінін өзгерту үшін отопластика мен ринопластика оталары ерлер арасында өте көп сұранысқа ие. 

«Ерлер әйелдерге қарағанда тәртіппен жүріп-тұрады, әдетте олар нақты бір проблемамен келеді. Дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындайды, емге тұрақты түрде мерзімінен кешікпей келеді. Тіпті жұмыс кестесінде дәрігердің қабылдауын алдын-ала жоспарлайды, соңғы сәтте жоспарын өзгертпейді. Ер науқастың дәрігерге бой үйретуі үшін бірақ уақыт қажет, белгілі бір дәрежеде сенім пайда болғанша ерлермен жұмыс істеу оңайға соқпайды. Олар ауырсыну процедураларынан қорқады, мезотерапия инъекциялық процедураларға шыдамайды. Бұл ретте әйелдер анағұрлым сенімдірек және жаңа процедуралар мен әдістерге дайынырақ болады», дейді Қарлығаш Темірболат.

Келесі кейіпкеріміз Рүстем Симтиков «VELVET» перманентті макияж студиясын басқарады және ерлердің қандай сұлулық процедураларын жиі таңдайтынын айтып берді. 

«Біздің студияға ер клиенттер лазерлі эпиляция, емдік массаж, қас пен ерінге перманентті бояу және косметологиялық қызметтерді алуға келеді. Эпиляция жасауда ерлерден көбірек ақы аламыз, өйткені олардың денесінде түк көп. Жалпы қазақстандық ерлердің күтіне бастағаны мені қуантады. Өкінішке қарай, бізде ер адамдарда комплекс көп, өте тұйық, киіміне мән бермейді. Адам өзін және өзінің тәнін жақсы көруі керек. Тиісінше, қазір ерлер жоғарыда аталған процедураларға жиі келе бастады. Мен де өзімді жақсы көремін және күтімімнен ақша аямаймын», — дейді Р. Симтиков.

Сонымен бірге, спикер ішкі және сыртқы сұлулықтың тең болуын, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанудың маңызды екенін, косметологиялық және медициналық қызметтер де қолжетімді екенін жеткізді.

«Қазір барлық мүмкіндік бар, тек адамның ынта-ықыласы болуы керек. Ерлер де өзіне қарауы керек деп есептеймін, бұл автоматты түрде әйелге айналып кетеді деген сөз емес», — деді спикер.

Психоанализ бағытындағы психолог Миргүл Бимағамбетова ерлер мен әйелдердің біздің қоғамдағы рөлі туралы кейбір бұрмаланған түсініктерді ескере отырып, сұлулық салондарына бару және әртүрлі қызметтерді пайдалану үрдісін қанағаттанарлық, тіпті «жақсы» деп бағалады.

Психолог
Фото: Kazinform

«Ерлердің өздерінің сыртқы келбетіне қамқорлық жасай бастауы ішкі сұлулықтан да хабар беруі мүмкін. Бұл жақсы үрдіс. Біздің қоғам ұзақ уақыт бойы ер адам міндетті түрде дөрекі, күшті болуы керек, жыламауы керек, эмоция көрсетпеуі керек, маймылдан сәл әдемі болса жетеді деген стигмада өмір сүрді. Мұның бәрі менің ойымша, бұрмаланған қабылдау. Психоанализ теориясына сәйкес, әр адамның ер және әйел бөлігі, ер мен әйел гормондары бар. Ұзақ уақыт бойы ер адамның нәзік сезімдеріне, сүйіспеншілік пен көз жасына тыйым салынып келді. Сондықтан қазіргі ерлердің сыртқы келбетіне қамқорлық жасау үрдісін жаман деп атамас едім. Бәлкім, ер адамдар әйелдерді осылай түсіне бастаған шығар. Бұрын ерлер әйелдің бір айда маникюрге жұмсаған ақшасына таң қалса, қазір өздері де маникюр жасай бастады. Ерлер шеберлердің еңбегі мен қызмет құнын түсінетін болады», — деді психолог.

М. Бимағамбетова орта ғасырларда, бет пен шаш күтімі ең соңғы орында тұрған соғыс жағдайында тұрып жатпағанымызды, тиісінше ерлердің өз келбетіне көңіл бөлуі жақсы дәстүр екенін жеткізді. Ал ерлердің сән салонына барғанын тіс жарып айтпауы, ұялуы қоғамдық стереотиптерге тікелей байланысты.

Соңғы жаңалықтар