Су спортының базасы мен стадион: Алматыда қандай спорттық нысандар салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жаңа спорттық нысандар бой көтереді. Бұл туралы Kazinform сауалына берген жауабында қалалық спорт басқармасы хабарлады.

Алматыда 10 тамыз күні Дженнифер Лопестің ауқымды концерті өтті. Алайда мерекелік кеш еліміздің оңтүстік астанасында өтпеуі де мүмкін еді. Себебі еурокубоктағы жарыстарына байланысты «Қайрат» клубы Орталық стадионда концерт өткізуге қарсы болды. Дегенмен, кейін екі тарап келісімге келді.
Бірақ бұл жағдай Алматыда бұқаралық іс-шаралар өткізетін ірі нысандардың жетіспейтінін көрсетті. Оның ішінде спорттық алаңдар мен орталықтар бар. Осыған байланысты Алматы қаласының спорт басқармасына сауал жолдадық.
Басқарма басшысының орынбасары Бекжан Кенжебайдың жауабына сәйкес, Алматы қаласында бүгінгі күні 3 590 спорттық нысан жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын көбейту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Райымбек даңғылы, 312 мекенжайында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бассейні бар спорт орталығының құрылысы басталған. Нысан құрылысы 2026 жылдың 1-тоқсанында аяқталуы тиіс. Сондай-ақ Алматыда жаңа стадион салынбақ.
— Жаңа стадионның құрылысы да жоспарланып отыр. 15 гектар жер телімі белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, — деді Бекжан Кенжебай.
Бұған дейін стадион құрылысы үшін жер телімдері мемлекет қажеттілігіне алынатынын жазғанбыз.
Одан бөлек ведомство мәліметінше, заманауи су спортының базасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Алдағы уақытта мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталады.
Денешынықтыру-сауықтыру кешендері
Бекжан Кенжебай спорт нысандарын дамыту мақсатында Алматы қаласының құрылыс басқармасы 6 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалық-сметалық құжаттаманы әзірленіп жатқанын атап өтті. Оның ішінде:
1) Наурызбай ауданы, «Шұғыла» шағын ауданы (Сабденов көшесі) — бассейні бар спорт кешені. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталып, 2026 жылдың 3-тоқсанында аяқталады.
2) Алатау ауданы, «Саялы» шағын ауданы — бассейні бар спорт кешені. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталып, 2026 жылдың 3-тоқсанында аяқталмақ.
3) Түрксіб ауданы, Майлин көшесі — бассейні бар спорт кешені. 2025 жылдың қыркүйегінде құрлысы басталып, 2026 жылдың соңына қарай аяқталуы тиіс.
4) Наурызбай ауданы, «Ақжар» шағын ауданы — денешынықтыру-сауықтыру кешені. Биыл қараша айында құрылысын бастап, 2026 жылдың соңында іске қосу жоспарланған.
5) Наурызбай ауданы, «Шұғыла» шағын ауданы (Абай даңғылы) — денешынықтыру-сауықтыру кешені. Мемлекеттік сараптама қорытындысы 2025 жылдың қазан айында шығады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың 1-тоқсанында басталып, 2027 жылы аяқталады.
6) Алатау ауданы, «Қарасу» шағын ауданы — бассейні бар спорт кешені. Мемлекеттік сараптама қорытындысы 2025 жылдың қазан айында алынып, құрылысы 2026 жылы басталады. Іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
— Бүгінгі күні 6 денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Олар «Айнабұлақ», «Кемел», «Құлагер», «Зерделі», «Алатау», «Жас Қанат» шағын аудандарында орналасқан. Онда бокс, кикбоксинг, каратэ, қоян-қолтық ұрыс, джиу джитсу, самбо, грэпплинг, таеквандо, баскетбол, волейбол, күрес жүзу сынды спорт үйірмелері бар, — деп атап өтті Бекжан Кенжебай.
Спорт мектептерін жаңғырту
Алматыда ескірген спорт мектептері де жаңғырады. Спорт басқармасының жауабына сәйкес, 1974 жылы салынған № 9 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі күрделі жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта онда 934 спортшы жаттығады. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы 2025 жылғы 21 шілдеде шыққан.
Сонымен қатар Спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне арналған оқу-спорттық ғимарат құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамаға тапсыру үшін құжаттар дайындалып жатыр.
Бұдан бөлек Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің аумағында әкімшілік корпус пен қосымша спорт залдарының құрылысы басталған.
— Бұл залдарды қала тұрғындары да пайдалана алады. Құрылыс барлық құрылыс және сейсмикалық талаптарға сай жүргізіліп жатыр. Аяқталу мерзімі — 2025 жылдың желтоқсаны, — делінген басқарма жауабында.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа спорт кешені салынатынын жазғанбыз.