Sustainable Fitch Отбасы банкінің тұрақты даму рейтингін көтерді
АСТАНА. KAZINFORM – «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – Отбасы банк халықаралық Sustainable Fitch агенттігінен жаңартылған бағасын алды. Банк бағасы 55 баллдан 60 баллға дейін өсті. ESG рейтингі деңгейі «3» деңгейінде расталды. Бағаның көтерілуі банк әлеуметтік бағдарламаларды табысты дамытып, өзінің ESG бастамалары туралы ашық ақпарат беріп, тұрақты даму қағидаттарын жұмысында тиімді енгізіп келе жатқанын көрсетеді.
Sustainable Fitch сарапшылары Отбасы банкінің қызметі айтарлықтай әлеуметтік әсерге ие екенін атап өтті. Банк Қазақстанның мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыруда маңызды рөл атқарады.
Биыл «Отбасы банк» мүмкіндігі шектеулі балалары бар 348 отбасыға және 1 мен 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі 372 адамға қоныс тойын тойлауға көмектесті. Оларға берілген несиелердің жалпы сомасы 8,5 миллиард теңгені құрады. 2025 жылы барлығы әлеуметтік жағынан осал топтарға жеңілдетілген несие беру бойынша 1 577 несие рәсімделді. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жалпы ауданы 101 240 шаршы метрді құрады.
Қазір банктың несие портфелі 3,83 триллион теңгені құрайды, бұл елдегі жалпы ипотекалық портфельдің 51%-ына тең. Банк Қазақстандағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 32,9%-ына қызмет көрсетеді. Ол активтері мен меншікті капиталы бойынша екінші деңгейлі банктер арасында төртінші орында тұр, жалпы несие портфелі – 3,8 триллион теңге.
2025 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша, банк өнімдерінің арқасында 62 363 қазақстандық отбасы қолжетімді несие алып, жаңа баспанаға қоныстанды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қатысушыларының саны 3,2 миллион адамды құрайды. Банктің депозиттік портфелі – 2,6 триллион теңге.
2025 жылдың он айында рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, 739 913 адам Отбасы банкте жаңа депозит ашқан. Олар осылайша баспана алу үшін елдегі ең төмен пайыздық мөлшерлемемен несие алу мақсатында қаражат жинауды бастаған.
Банк тұрақты қаржыландыру портфелін белсенді түрде дамытып келеді: «жасыл» ипотеканың үлесі 0,9%-ға (30,7 млрд теңге) дейін өсті, ал әлеуметтік ипотекалық бағдарламалар портфельдің 39%-ын құрайды.
Банктің негізгі өнімдерінің қатарында – «Наурыз» бағдарламасы мен «Наурыз жұмыскер» бағыты, «Дипломмен – ауылға» жобасы, сондай-ақ жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар, өңірлік және корпоративтік жобалар бар. Олардың барлығы жас отбасыларды, зауыт пен кәсіпорын қызметкерлерін, ауыл тұрғындарын және әлеуметтік осал топ өкілдерін қолдауға бағытталған.
Банктің осы және басқа да жобалары БҰҰ бекіткен Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. Оларға кедейлікті азайту, өмір сүру деңгейін көтеру, экономикалық өсуді қамтамасыз ету, теңсіздікті қысқарту, сондай-ақ тұрғын үй тапшылығын азайту және әлеуметтік осал топтардың өмір сүру жағдайын жақсарту арқылы тұрақты қалалар мен елді мекендерді дамыту кіреді.
Sustainable Fitch сарапшылары банктың тәуекелдерді басқару бағытындағы жетістіктерін де атап өтті: ESG факторлары тәуекел-менеджмент жүйесіне енгізілген, ал климаттық тәуекелдер стресс-тест және сценарийлік талдау арқылы бағаланады. Агенттіктің есебінде Отбасы банк «жақсы деңгейдегі корпоративтік басқаруға және жоғары әлеуметтік бағытқа ие» деп көрсетілген.
Оң факторлардың қатарында гендерлік теңгерім аталып өтті – банк қызметкерлерінің 58%-ын әйелдер құрайды, сондай-ақ клиенттердің қанағаттану деңгейі жоғары.
Отбасы банк тұрақты даму саясатын одан әрі дамытып, «жасыл» өнімдердің санын арттыруды және халықаралық стандарттарға сай есептіліктің ашықтығын күшейтуді жалғастырады.