Сұйытылған газ бағасы өте төмен, сала шығынға ұшырап отыр – министр
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі сұйытылған мұнай газы бағасы өте төмен екенін сынға алды.

Министрдің айтуынша, 2023 жылы ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын тұтыну алдыңғы 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға өскен және 2,2 млн тоннаны құраған.
«Бүгінгі күні сұйытылған мұнай газына белгіленген шекті көтерме сауда бағасы оны өндіру құнынан төмен. Газ өндірісінің тиімсіздігіне байланысты сала шығынға ұшырауда, тұрақты жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салынбайды», - деді А. Сәтқалиев министрлік алқасының отырысында.
Министр Қазақстанда сұйытылған газға ең төмен баға тіркелгенін – өңірге байланысты 54-86 теңге аралығында екенін атап өтті. Салыстыру үшін Ресейде бір литр газдың бағасы 165 теңгені, Қырғызстанда – 159 теңгені, Әзербайжанда – 171 теңгені, Тәжікстанда – 273 теңгені құрайды.
«Ел халқының ішкі қажеттіліктерін үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі мен «Теңізшевройл» ЖШС арасында ай сайын 20 мың тонна сұйытылған мұнай газын жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Бүгінгі таңда «QazaqGaz» ҰК» АҚ және Солтүстік Каспий жобасының акционерлері жылына 700 мың тоннаға дейін Қашаған сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату шартына қол қою мәселесін пысықтауда», - деді А. Сәтқалиев.