Сізді жалған ақпаратпен жаңылыстырған: Игорь Лепеха депутатпен сөзге келіп қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте құқық бұзудың алдын алуға бағытталған бірнеше заңды бір заңға біріктіріп жетілдіруге арналған заң жобасы талқыланып жатыр.

Талқылау кезінде депутат Жұлдыз Сүлейменова Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепехаға бір топ заңгердің аталмыш заң жобасына қарсы уәжін жеткізді.
— Әйел құқықтары жөніндегі, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен айналысып жүрген сарапшылар, заңгерлер бізге дабыл қағып жүгінді. Сіз таныстырған заң жобасының аясында 2009 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңның күшін жойып, ол заңды осы заңға біріктіруді ұсынып отырсыздар. 2024 жылы әйелдердің құқығын қорғап, балалардың қауіпсіздігін сақтауға арналған заң қабылдадық. Ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру баптарын қылмыс ретінде саралағанбыз. 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан заңды бүгінгі заңға біріктіруге не негіз болды? Менің ойымша, тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы заңның күшін жою — 2023,2024 жылдары қабылданған барлық заңнан кері кету, — деді депутат.
Игорь Лепеха депутатқа осы мәселемен жүгінген адамдар жалған ақпарат айтқан деп есептейтінін мәлім етті.
— Түсіндіре кеткім келеді. Сөзімнің басында қолданыстағы заңдардың ішіндегі уақыт сынынан өткен, тиімділігін көрсеткен нормаларды өзгеріссіз қалдыратынымды айтып кеттім. Ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірумен байланысты баптарды қылмыс ретінде саралау нормаларына келсек, әйелдер мен балалардың құқығын бұзумен байланысты баптар туралы айтсақ, бәрі сақталған. Қарасаңыз, Қылмыстық кодекске де, Әкімшілік кодекске ешқандай елеулі өзгеріс енгізгелі отырған жоқпыз, яғни, сізді жалған ақпаратпен жаңылыстырғаны анық. 2009 жылғы заңды қазіргі заңмен біріктіру мәселесіне келсек, бұл менің бастамам емес. Жоғары жақтан, нақты кімнің бастамасы бойынша тапсырма келгенін біліп отырсыз ғой, — деді ол.
Игорь Лепеха бұл құжат заңнамадағы қайшылықтарды біріздендіру үшін әзірленіп жатқанын еске салды.
— Жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзудың алдын алу, маскүнемдіктің алдын алу сияқты заңдардың бәріне көптеген түзету мен өзгеріс енгізіл келді. Қазір олардың кейбір баптары екінші заңның кейбір баптарына қайшы келетіндей жағдайға жеткен. Сондықтан бізге бес заңды біріктіріп, жалпыға түсінікті бір заң етіп жетілдіру туралы тапсырма берілген, — деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Айта кету керек, ІІМ дерегі бойынша, жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түседі.