Т.Балықбаев: 292 студент өзара алмасумен шетелде оқып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық 292 студент өзара алмасумен шетелде оқып жатыр.
None
None

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті.

«Министрлік шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындары арасында студенттерді алмасуды қамтамасыз ету мақсатында көптеген істер атқаруда. Бүгінгі таңда біздің 12 мемлекетпен халықаралық шарттарымыз бар. Алмасу аясында сол елдердің студенттері бізге, біздің студенттер сол елге барып оқиды. Ондай елдердің қатарынан Қытай, Венгрия, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Латвия, Польша, Франция, Египет және басқа елдерді атап өтуге болады. Тек қана осы елдердің өзінде 2015 жылдың қазан айындағы деректер бойынша, 292 студент осындай өзара алмасумен оқып жатыр. Сондай-ақ, былтырдың өзінде 140 студент осындай алмасумен оқып келді», - деді вице-министр.

Т.Балықбаевтың атап өтуінше, соңғы кездері енгізіліп жатқан бағдарламалардың бірі - академиялық ұтқырлық бағдарламасы.

«Қазақстан Болон процесіне енген ел болғандықтан, соңғы жылдары академиялық ұтқырлықтан өткізу мақсатында бюджеттен қаражат бөлінуде. Тек қана өткен үш жылдың өзінде 2500 жуық біздің жастарымыз шетелдік оқу орындарына бір семестр немесе бір жылға барып, осындай ұтқырлықтан өтіп жүр. Біз оған тек өткен жылы 619 млн. теңге қаржы бөлдік», - деп түйді ойын БҒМ басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар