Т. Бердіоңғаров: Біз жаңа мемлекеттік аппаратқа қазірден дайындала беруіміз керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда әрбір мемлекеттік қызметші мансап жағынан да, қаржылық бонустар жағынан да ынталандырылатын болады.
None
None

Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласына қатысты «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров мәлім етті.

«Мемлекет басшысы әрқашан 2 қадам алда ойлайды. Бұл Президенттің мақаласында да нақты көрініс тауып отыр. Бірінші кезекте ол экономика, шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы ауқымды реформалар. Мемлекет қазіргі уақытта шағын және орта бизнеске барлық еркіндікті берді, тексерістерге тоқтау салды, шағын және орта бизнестің қарыштауына тұсау болып келген көптеген кедергілерді жойды. Жаңадан қабылданған Еңбек Кодексінде бұл мәселелер заңдық деңгейде бекітілген», - дейді ол.

Оның ойынша, мақалада көтерілген тағы бір маңызды жайттардың бірі - мемлекеттік аппаратты дамыту жөніндегі реформалары болып отыр.

«Мемлекет басшысы бізге жаңа мемлекеттік аппаратқа қазірден дайындала беруіміз керектігін ескертті. Болашақта әрбір мемлекеттік қызметші мансаптық жағынан да, қаржылық бонустар жағынан да ынталандырылатын болады. Демек, олар кәсіби тұрғыда өсуге және өз елінің дамуына тиімді қызмет етуге мүдделі болады деген сөз. Мемлекеттік қызметші оның кәсібилігі мен Отан алдындағы қызметі өз мансабының және жалақысының өсуіне тікелей әсер ететіндігін сезінуі тиіс», - деп атап өтті Т.Бердіоңғаров.

Оның сөзі бойынша, қазіргі жүйе бойынша, бір санаттағы мемлекеттік қызметшілер бір жалақы алады. Сондықтан олар кәсіби еңбек етуге құлықсыз, мемлекеттік қызметші ретінде дамуға немқұрайлы.

«Бұл сот жүйесіне де қатысты. Бүгін біз оны түбегейлі өзгертіп, сотқа деген халықтың сенімін арттыру қажет. Меніңше, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласының ең негізгі жақтары - осы», - деп түйді ойын депутат.

Соңғы жаңалықтар