Табиғатты пайдамызға жаратуды ғана ойласақ, келешекке не қалады — ғалым

ОРАЛ. KAZINFORM — Әлемде биоалуандықты сақтауға ерекше маңыз беріледі. Ол үшін Қазақстанда не істелуі керек? Осы орайда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов өз ой-пікірін бөлісті.

Қажымұрат Ахмеденов
Фото: Қажымұрат Ахмеденовтың жеке архивінен

— Қажымұрат Мақсотұлы, биосаналуандықты сақтаудың маңызы қандай, алдымен осыған тоқталсаңыз?

— Батыс Қазақстан облысында экология саласында жол картасы жасалып, онда көгалдандыру, табиғат пайдаланушылар мен автокөліктер шығарыландыларын азайту, жер ресурстарының ластануын болдырмауға баса көңіл бөлінген.

Ғалым ретінде айтарым, мұнымен шектелмей, ерекше қорғалатын табиғи аумақты ұйымдастыру және биоалуантүрлілікті сақтау бойынша кең ауқымда жұмыстар жүргізілуі керек. Шындығына келгенде, мысалы, жер бетіндегі қоқыстарды жою санитарлық-тазалық шараларына келіңкірейді. Ал биосаналуандықты сақтау экожүйенің тұрақтылығына әсер етеді. Оған әлемде ерекше мән беріліп, 22 мамырдың арнайы Халықаралық биоалуантүрлілікті сақтау күні ретінде аталып өтілетіні де содан.

Дүниежүзілік ғылыми зерттеулерге сүйенсек, әр аймақтың 30 пайызы ерекше қорғалатын табиғи аумақ болуы керек. Қазақстанды алсақ, мұндай табиғи аумақтар көлемі 10 пайыз төңірегінде немесе 29,3 млн гектар.

Соның ішінде 2,9 пайызына (8 млн га) ғана табиғат қорғаушы мекеме ретінде заңды мәртебе берілген. Сонда елімізде көздеген межеге жету үшін табиғи аумақ көлемін үш есе көбейтуіміз керек.

Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш тіпті төмен, 1 пайыз ғана (188,7 мың га).

биолог
Фото: Қажымұрат Ахмеденовтың жеке архивінен

— Сонда мұны жақсарту үшін не істеуіміз керек?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Осы орайда ұлттық парктер мен қорықтар қатарын көбейтуге ден қойылған. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау мақсатында «Жайық орманы» мемлекеттік табиғи резерватын құру көзделіп отыр.

Қазіргі таңда ерекше қорғалатын 13 табиғи аумақ болса, соның бесеуіне республикалық мәртебе берілген. Атап айтқанда, «Кирсанов», «Бударин», «Жалтыркөл» мемлекеттік зоологиялық қорықшалары, «Бөкейорда» табиғи резерваты және «Ащыөзек» табиғи қаумалы өз қызметін атқаруда. Ал Аққұм, Садовое көлі, Үлкен Ешкі тауы, Миргород сияқты аумақтар жергілікті маңызға ие. Бұларға қатысты жергілікті атқарушы органдардың қаулысы шығарылған. Бірақ қағаз жүзінде ғана. Оларда заңды негізде жұмыс істейтін мекеме жоқ. Сондықтан бұлардың мәртебесін республикалық деңгейге жеткізіп, қорық не резерват ашса, онда жаңа жұмыс орындарына жергілікті тұрғындар тартылып, нақты табиғат қорғау шаралары атқарылар еді.

— Онда бұл жұмыстарға университет ғалымдары да атсалысар еді дейсіз ғой?

— Әрине. Мұның жарқын мысалын «Бөкейорда» табиғи резерваты мен «Ащыөзек» табиғи қаумалынан көруге болады. Өзара келісім-шартқа сәйкес ғалымдарымыз тығыз байланыс жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп тұрады. Мысалы, биыл олар «Бөкейорда» табиғи резерватында болып, құстар мен жануарлар жөнінде мәлімет жинап қайтты. Мысалы, олардың бұрын есебінде болмаған өрнекті қарашұбар жылан мен құм айдаһаршасын кездестірді. Осының бәрін түгендеп, зерттеп, жыл соңында ұсыныстарымызды резерватқа береміз. Мұны екі жақты тиімді жұмыс деп есептеуге болады.

мамандар
Фото: Қажымұрат Ахмеденовтың жеке архивінен

— Бір сөзіңізде Жайық өзенінің экожүйесін сақтау жөнінде айтып қалдыңыз. Осыны толықтыра кетсеңіз?

— Трансшекаралық Жайық өзеніне қатысты халықаралық келісімшарттар жасалған, бірнеше комиссия жұмыс істеп, бұған ғалымдар да өз үлесін қосып келеді. Жайық арнасы төмендеп кеткен кезде экобелсенділердің дабыл қаққаны мәлім. Өткен жылғы тасқыннан кейін енді одан қалай қорғанамыз деген мәселе алдымыздан шықты. Сондықтан инженерлік құрылыстар, бөгеттер салынды.

Шын мәнісінде Жайықтың жай-күйі табиғи климаттық жағдайларға, циклдік өзгерістерге байланысты. Оны адам өз күшімен шеше алмайды. Тек қосымша қызметтер ғана атқара алады. Міне, осы жердегі түйткілді мәселенің бірі — Жайық бойында елді мекендер көбінесе дұрыс орын теппеген. Былайша айтқанда, өзен жайылмаларында капиталды құрылыстар (үйлер, ғимараттар) салынбауы керек. Бізде қалай, сондай жерлерде адамдар үй тұрғызып, мекендеп, кейін баспаналары суға кетіп, оған үкімет көмектесіп жатады.

а
Фото: Қажымұрат Ахмеденовтың жеке архивінен

— Су қорғау аумақтарынан жер беру де дұрыс емес қой?

— Ол да бар. Орал қаласының өзінде кезінде су қорғау аумақтарынан беріліп кеткен жерлер бар. Ондай жер телімдерін алып алғандар білгенін істейді. Әкімдіктер соны кері қайтарумен әлектеніп жатады. Мұның бәрі заңдылықтың сақталмауынан.

— Жайық бойында карьерге жер беру деректері аз кездеспейді. Бұған тұрғындар, экологтар қарсы шығып, мәселе көтеріп жатады, сіздің пікіріңіз қандай?

— Соңғы кезде Жайық өзені жағалауына жақын жерден карьер қазып, топырақ алушылар көбейді. Бұл сол кәсіпкерлерге пайда әкелетін шығар. Бірақ орман ортасында өсіп тұрған ағашты кесіп, жол салады. Сөйтіп қоршаған ортаға зиянын тигізеді.

— Жайық өзенінде құндыздар мекендейді. Олар ағашты кеміріп, сұлатып тастамай ма?

— Иә, құндыздар да әсер етеді. Еуропада бұл жануармен күреседі. Біздің өңірде құндыздың жерсіндірілген түрінің көбейіп келе жатқаны рас. Бәлкім, күрес шараларын қабылдау қажет болатын шығар.

жылан
Фото: Қажымұрат Ахмеденовтың жеке архивінен

— Жақында туған жеріңіз — Бөкей ордасы ауданына барып келген екенсіз. Не көрдіңіз, не түйдіңіз?

— Аудан аумағында жергілікті тұрғындар Жамантау атап кеткен Кіші Боғда тауы бар. ХVІІІ-ХІХ ғасырдан бері ғалымдар зерттеп, бірегей тұзды-күмбезді ландштафт деп баға берген. Капустин Яр әскери полигонынан жер кері алынғаннан кейін бұл маңда фермерлер қоныстана бастады. Соңғы кезде Жамантаудан жол құрылысы үшін қиыршық тас алынып жатыр. Барып қарасам, таудың жартысы жоқ. Оның Жамантау деп аталу себебі жыланның көптігінен шығар деп ойлаймын. Қазіргі таңда Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Каспий қарашұбар жыланы мүлде азайып кеткен. Күніне біреуі ғана ұшырасты. Мұндай жылан түрі елімізде тек осы тау мен Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Бесшоқыда ғана тіркелген. Табиғи ортасы бұзылғандықтан, енді соның жойылып кету қаупі бар. Жамантау басында Қызыл кітапқа енгізілген тек Каспий қарашұбар жыланы ғана емес, сонымен қатар безгелдек, дала қыраны, қызғалдақтың бірнеше түрі сияқты құс, жануарлар мен өсімдіктер кездеседі.

Еділ мен Жайық арасында тау-шоқылар көп емес қой. Ресей аумағында орналасқан Үлкен Боғда тауы ерекше қорғалатын табиғи аумақ саналады. Ал бізде жағдай осылай болып отыр. Бұл қоғамда экологиялық сана-сезімнің төмен екендігін көрсетеді. Не болса да, жерді не тауды игеріп, шаруаға пайдаланып қалайық деген түсінік басым. Мұның соңы неге соқтырарын аңдамаймыз. Түптеп келгенде, биосаналуандықты сақтау үшін ең алдымен табиғатқа деген өз көзқарасымызды өзгерту керек. Сосын мемлекет пен жергілікті атқарушы орындар тарапынан кешенді шаралар алынғаны жөн. Сонда ғана ісіміз оңға басып, келешек ұрпаққа табиғи байлығымызды қалдыра аламыз.

п
Фото: Ғайсағали Сейтақ / Kazinform

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда басты экологиялық мәселелеріне шолу жасаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар