Табиғи апаттардың алдын алу: Орталық Азия елдері ортақ шешімдер қабылдап жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Орталық Азиядағы стихиялық апаттар қаупін азайту және тұрақтылықты арттыру жөніндегі өңірлік семинар өтті. Онда JICA аға кеңесшісі, Тохоку университетінің арнайы профессоры Сатору Нишикава Жапонияның тәжірибесін бөлісті.
Орталық Азияда жер сілкінісі, су тасқыны, сел қаупі сияқты табиғи апаттар бір мезетте бірнеше мемлекетті қамтуы мүмкін. Сондықтан мұнда жапон тәжірибесімен танысып, маңызды тұстарын ескеру өте маңызды. Бұл туралы «KazAID» Қазақстан халықаралық даму агенттігі басқармасының төрағасы Нұрғали Арыстанов семинарда айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан халықаралық ұйымдармен серіктестікті нығайтып, ауқымды апаттарға ұшыраған елдерге гуманитарлық көмек көрсетуді жүйелі түрде жалғастырып келеді. Агенттік жұмысының басым бағыттары қатарында азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарын тиімді басқару, сейсмикалық қауіпсіздік және жасыл экономиканы дамыту бар.
— Бүгінде жер сілкінісі, су тасқыны және өзге де табиғи зілзалалар алдындағы ортақ қауіпке байланысты біздің бағдарламамызға сұраныс бұрынғыдан да жоғары. Осы орайда, апаттардың алдын алу тетіктерін ондаған жылдар бойы жетілдіріп, тарихи сабақтарын халық пен инфрақұрылымды қорғаудың мызғымас стандартына айналдырған Жапонияның озық тәжірибесі біз үшін өте құнды, — деді Нұрғали Арыстанов.
Ол 2024 жылы KazAID ұйымы JICA-мен және Төтенше жағдайлар және стихиялық апаттар қаупін азайту орталығымен бірлесіп сейсмикалық төзімділік бойынша халықаралық семинар өткізгенін еске салды. Сол кезде қатысушыларға сейсмикалық оқшаулаудың заманауи технологиялары мен халықаралық құрылыс стандарттары таныстырылған болатын.
ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әсет Жылқайдаров та Қазақстан үшін жапон тәжірибесінің маңызы зор екенін жеткізді. Оның айтуынга, жапон мамандарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу — төтенше жағдайлар алдын алудың ұлттық жүйесін әзірлеуге айтарлықтай септігін тигізеді.
Семинарда мониторинг және ерте хабардар ету саласындағы өңірлік бастамаларға да айрықша назар аударылды. Төтенше жағдайлар және стихиялық апаттар қаупін азайту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Бекбосыновтың айтуынша, бүгінде ортақ атқарылып жатқан жұмыстардың бірі — Орталық Азия елдерінде төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі өңірлік үйлестіру орталығын құру. Сондай-ақ өңірдегі табиғи қауіптердің цифрлық картасы мен халықты ерте құлақтандыру және өзара ақпарат алмасу жүйесі қолға алынып жатыр.
— 2026 жылдың қазан айында Душанбе қаласында Орталық Азия елдерінің төтенше жағдайлар ведомстволары басшыларының кездесуі өтті. Жиын аясында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға қарсы әрекет ету саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған маңызды құжаттарға қол қойылды, — деді Нұрлан Бекбосынов.
Сондай-ақ өңірлік сейсмологиялық институттардың басшылары өзара түсіністік және ынтымақтастықты дамыту туралы меморандум жасасқан. Бұл құжат сейсмикалық белсенділік туралы жедел ақпарат алмасуға және ғылыми мекемелер арасындағы байланысты арттыруға тиіс.
Орталықта тәуекелдерді бағалау үшін цифрлық шешімдер де енгізіліп жатыр. Мәселен, автоматтандырылған мониторинг станцияларының деректері өңірлік орталықтың серверіне тікелей түсіп, елдер арасында дереу ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін жүйе құрылуы мүмкін.
Нұрлан Бекбосынов орталық жұмысын бастағалы табиғи апаттар қаупін азайту бағытында 60-тан астам бағдарлама мен жоба жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның ішінде 2025 жылы 14 жоба сәтті орындалған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда қанша сейсмикалық станция жұмыс істеп тұрғанын жазғанбыз.