Табиғи ормандарға қарағанда жасыл желекті қорғау маңызды — ғалым

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордада көшет көп егілгенімен бой тіктеуі қиын. Облыс орталығында бұрыннан бар және соңғы жылдары егілген терек, Сыр талы, қарағаштардың өздігінен қурап қалуы сияқты жағдайлар кездесетінін мамандар ашық айтып отыр. Оның себебін, мәселені шешу жолдарын Kazinform тілшісіне Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ орман және жасыл желектерді қорғау зертханасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Гүлназ Меңдібаева айтып берді.

Табиғи ормандарға қарағанда жасыл желекті қорғау маңызды — ғалым
Фото: Гүлназ Меңдібаеваның жеке мұрағатынан

Маманның айтуынша, жасыл желектің басты жауы — зиянкестер. Мәселен, соңғы жылдары ел аумағындағы орман және қалалық жасыл желектерде жәндіктердің инвазивті түрлері жаппай көбейе бастаған. 

— Олардың биологиялық-экологиялық ерекшеліктері жеткілікті зерттелмеген. Бұл тауар айналымының артуына, шекарадан өтетін адамдар, жүктер мен көлік құралдарының көбеюіне байланысты. Инвазивті түрлер көбіне ірі көлік тораптары мен ірі қалалар арқылы енеді. Олар зиянкестер резервациясының бір түріне айналады. Бұрын кездеспеген қауіпті инвазивті және аса қауіпті зиянкестер пайда бола бастады. Сондықтан онымен күресте барлық қалада тұрақты түрде ерте көктемнен күзге дейін орман-патологиялық мониторинг жасалып, күресу шараларын ұйымдастыру керек, — деді Гүлназ Меңдібаева.

Табиғи ормандарға қарағанда жасыл желекті қорғау маңызды — ғалым
Фото: Гүлназ Меңдібаеваның жеке мұрағатынан

Қалада да, ауылда да жасыл екпелердің жалпы саны туралы нақты талдау жүргізу үшін оларды бірыңғай базаға енгізу керек.

— Табиғи ормандарға қарағанда жасыл желекті қорғау маңызды. Себебі екпенің шығымы мен жерсінуі әлсіз келеді. Сондықтан қаланың жергілікті климатына сәйкес шығымы жоғары және ұзақмерзімді үйеңкі (аcer), жиде (elaeagnus), акация (асасіа), айлант (ailanthus altissima) сынды ағаштарды егуді ұсынамыз. Біз көгалдандыру бағытындағы мәселелер бойынша жасыл екпелер, яғни қылқан жапырақты, жапырақты ағаштар, бұталардың орман-патологиялық жай-күйіне тұрақты түрде мониторинг жасап тұрамыз. Осы орайда дің жараларын, қуыстарды, жарықтарды сауықтыру бойынша арнайы ынталандырушы құрамдарды қолдану арқылы емдеуге кеңес береміз. Сонымен қатар көктем-жаз кезеңінде жасыл екпелердің зиянды организмдерінің түрін, құрамын анықтап, заманауи биологиялық препараттар мен өсімдіктердің өсуін ынталандырушы құраммен бүрку жұмысын атқарған жөн, — деді ғалым.

Институт қызметкерінің айтуынша, жасыл желекті зиянкестерден қорғау барысында химиялық өңдеудің кемшіліктері ескеріле бермейді. 

— Өңдеу барысында алғашқы кезде зиянкестер жойылып, жақсы нәтиже көрсетеді. Бірақ зияны кейін ғана біліне бастайды. Мәселен, қайталап өңдеуден соң аз уақытта кене, өсімдік биттері, тағы басқа кейбір зиянкестер қолданылған инсектицидтерге бейімделіп, төзімділігі артады. Сондықтан жасыл желек пен орманды зиянды ағзалардан қорғау шаралары ғылымға негізделген болуы қажет. Қорғау, сауықтыру қала аумағының қауіпті пестицидтермен одан әрі ластанбауы, экологиялық ахуалды, орман-патологиялық жағдайды жақсарту мақсатында кешенді шаралар қолдану керек. Органикалық, минералды макро-микротыңайтқыштардың жеткіліксіз болуы ағаштардың әлсіреуіне, өлуіне әкеп соғуы мүмкін. Өнеркәсіптік өндірістен зиянды қалдықтар түсу себебінен барлық қалада топырақ қатты ластанды. Құнарлылығы төмендеп кетті. Сондықтан макро-микроэлементтер, гумин қышқылдары, экстрасол, аквасорбенттер, тағы басқа өсімдіктің өсуін реттеушілермен жасыл желекті қоректендіру қажет, — деді Гүлназ Меңдібаева.

Бұған дейін Қызылорда қаласында қаланы абаттандыру бағытында отырғызылған ағаштардың шіріп жатқаны туралы жергілікті тұрғындар мен белсенділер дабыл қағып мәселе көтерген болатын.

Соңғы жаңалықтар