Табиғи шыршаны кескендер қанша айыппұл арқалайды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Жаңа жыл мерекесі қарсаңында әрбір заңсыз кесілген шырша үшін залал мөлшері 15 АЕК мөлшерінде есептеледі.  

Ертіс орманы
Фото: Ертіс орманы

Үйіңізге жаңажылдық мейрам сыйламақ оймен өсіп тұрған жасыл шыршаны кесіп алсаңыз, ол үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жауапкершілік қарастырылғанын ұмытпаңыз. Бұл – табиғи ортаға айтарлықтай залал келтіру болып есептеледі. Ал кесілген ағаш саны көп болған сайын оның жауапкершілігі де арта түседі. 

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, жауапкершілік кесілген ағаштың жергілікті орман қорына кіретін немесе кірмейтін ерекшелігіне қарай өзгеруі мүмкін. 

– Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіргені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 381-1-бабында әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жеке тұрғын егер орманға барып, немесе көшеде өсіп тұрған жерінен бір тал шыршаны кесіп алса, оған 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұған қоса заңсыз кесілген ағашты, құралдарды және көлік құралдарын міндетті түрде тәркілеу, келтірілген залалды толық өтеу жүргізіледі, - деп түсіндірді өңірлік инспекцияның басшысы Исатай Абдразахов.

Ертіс орманы
Фото: Ертіс орманы

Жалпы аталған Кодексте мынадай заң талаптары жазылған. 

Орман қорына кірмейтін ағаштарды заңсыз кескені үшін:

– жеке тұлғаларға — 50 АЕК мөлшерінде айыппұл;

– лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік және коммерциялық емес ұйымдарға — 150 АЕК;

– орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 200 АЕК;

– ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 500 АЕК (заңсыз кесілген ағаштарды, көлік құралдарын және құқық бұзушылық жасау құралдары тәркіленеді);

Орман қорының құрамына кіретін ағаштарды заңсыз кескені үшін:

– жеке тұлғаларға — 100 АЕК;

– лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік және коммерциялық емес ұйымдарға — 300 АЕК;

– орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 400 АЕК;

– ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 1000 АЕК (заңсыз дайындалған ағаш өнімін, көлік құралдарын және өзге де құралдарды міндетті түрде тәркілеу);

Бұл әрекеттер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда немесе бір жыл ішінде қайта жасалған жағдайда:

– жеке тұлғаларға — 150 АЕК;

– лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және КЕҰ-ға — 450 АЕК;

– орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 600 АЕК;

– ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 1500 АЕК (міндетті тәркілеумен, залалдың толық өтелуімен).

Ертіс орманы
Фото: Ертіс орманы

Қылмыстық іс заңсыз кесу салдарынан табиғатқа келтірілген залал мөлшері 50 АЕК-тен асқан жағдайда қозғалады. Бұл жағдайда айыппұлдан бөлек, түзету іс-шаралары мен қоғамдық жұмысқа тарту, бас бостандығын шектеу немесе одан айыру, сондай-ақ мүлікті тәркілеу жазаларпы қарастырылған.

Ресми статистикаға сүйенсек, Ертіс-Баян өңірінде қылқан жапырақты ағаштар 5 орман шаруашылығы мекемесінің жерлерінде өседі.

Оның ішінде екі мекеме ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне ие.

Алғашқысы – «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, жалпы аумағы 278 мың гектар, оның ішінде 194,3 мың гектары орманмен көмкерілген. 

Екіншісі – Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, жалпы аумағы 68 мың гектар, оның ішінде 19 мыңы – орманды алқаптар.

Ертіс орманы
Фото: Ертіс орманы

Мереке қарсаңында облыс аумағында Ресейден жеткізілетін табиғи шыршалар толып кетеді. Табиғат қорғау инспекторлары полицейлермен бірлесіп, олардың заңдылығын тұрақты тексереді. Осындай ұдайы мониторингтің нәтижесінде өңірде өткен жылы жаңа жыл мерекесі қарсаңында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу деректері тіркелмеген. 

Еске сала кетейік, «Ертіс орманында» жабайы жануарларға қысқы азық орындары дайындалып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар