Табиғи жаулары азайып кетсе де шегіртке қаптайды – ғалым
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының Арал ауданында биыл шегіртке жылдағыдан ерекше көп. Оған қарсы үлкен күш жұмылдырылып, жұмыс атқарылып жатыр. Әйтсе де, мұндай жағдай ауыл шаруашылығын айтарлықтай шығынға батыруы мүмкін. Зиянкестің ерте бас көтеру, қаптап кету себебін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Берденқұловадан сұрап білдік.

— Қазақстан аумағында шегірткенің қанша түрі бар, оның ішінде кең таралғаны қайсы?
— Қазақстан аумағында шегірткелердің 270 түрі мен кіші түрі мекендейді. Ауыл шаруашылығы алқабына жыл сайын 15-20 түрі қауiп төндiредi. Соның арасынан топтасып жүретін итальян прусы, азиялық және марокколық, топ құрамайтын, атбасар, қара жолақты, қара қанатты, ақ жолақты және басқа түрлерін айтуға болады.
— Ауыл шаруашылығы үшін ең қауіпті әрі тез таралатын түрлері туралы айтып берсеңіз.
— Олар — азиялық (locusta migratoria), марокколық шегіртке (dociostaurus maroccanus), итальяндық прус (calliptamus italicus). Оның ішінде ең қауіптісі — азиялық шегіртке, кейде «көкқасқа шегіртке» деп те атайды. Жаппай көбейіп, үлкен аумаққа таралуға бейім. Зиянкестің басқа түрлерінен денесінің ірілігі және мұртының қысқалығымен ерекшеленеді. Қазақстанда, оның ішінде Қызылорда облысында көбірек кездеседі.

Дене ұзындығы — 35-50 мм (ересек шегірткеде). Сұрғылт, қоңырқай немесе жасылдау реңді, кейде сәл жылтыр түсті болады. Қанаты ұзын әрі мөлдір, жақсы ұшады. Даму кезеңдері: жұмыртқа — дернәсіл — ересек шегіртке (имаго), шамамен 2-4 ай өмір сүреді. Биологиялық ерекшелігі: тамыз-қыркүйек айларында топыраққа жұмыртқа салады. Бір аналық 100-ге жуық жұмыртқа сала алады. Егер көбейіп кетсе, жаппай ұшып, бірнеше жүз шақырым жерге жайыла алады (миграциялық қабілеті жоғары).
400-ден астам түрлі өсімдікпен қоректенеді, оның ішінде бидай, арпа, жүгері, күріш, шөп, бақша дақылдарына зиян келтіреді. Өсімдік жапырағын, сабағын жеп, егісті толық жойып жібере алады. Әсіресе, жас өсімдіктер үшін қауіпті. Шоғырланып тіршілік етеді, бір жерде көптеп жиналса, апаттық жағдайға ұшыратуы мүмкін. Оған қарсы күрестің алғашқы сатысында ерте көктемде шегіртке ұрық салатын орындарға мониторинг жүргізіледі. Жерді биологиялық және химиялық жолмен (инсектицидтер арқылы өңдеу) улайды. Қауіпті ошақтар картаға түсіріліп, тұрақты түрде қадағаланады.

— Әлгінде шегірткенің даму кезеңдеріне тоқталдыңыз, қандай жолмен көбейетінін тарқатып айтып бересіз бе?
— Азиялық шегіртке (көкқасқа шегірткесі) тамыз айының соңына қарай көбейеді. Аналық шегіртке құрсағының ұшындағы қысқа жұмыртқа салғышпен топырақты шұңқырлап қазады. Ерекше безден бөлініп шыққан көбікті затпен бірге сол жерге жұмыртқа салады. Бөлінген зат жұмыртқаларды бір-біріне жабыстырып, шұжық пішінді қоймақалта түзеді. Жұмыртқалар қоймақалтада қыстап шығып, көктемде дернәсілдер дүниеге келеді. Дернәсілдері қанатсыз болады. Сондықтан оны «жаяушегіртке» деп те атайды. Дернәсілдер бірнеше рет түлейді, топтасып тіршілік етеді. Дернәсілдер тобы «жаушоғыл» деп аталады. Жаяу шегірткелерден құралған жаушоғыл жолында кездескен өсімдік атаулыны жайпап, бір жерден екінші жерге көшіп отырады. Дернәсіл бесінші рет түлеген соң ересек шегірткеге (имаго) айналады.
— Жаз басталмай жатып Аралда зиянкес неге көбейіп кетті?
— Біріншіден, климаттық жағдайдың өзгеруі. Әсіресе, құрғақшылықтың күшеюі мен жауын-шашынның аз түсуі шегірткелердің көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Ыстық әрі құрғақ ауа райы олардың белсенді көбеюіне және жылдам таралуына әсер етеді. Екінші болжамды себеп — ауыл шаруашылығы алқабының кеңеюі. Егістік және жайылым жерінің ұлғаюы шегірткелерге азық болатын шөп пен дақылдың молаюына, олардың көбеюіне жағдай жасайды. Соңғы жылдары шіркей көбейіп кетті, ал бұлар — шегіткенің нағыз қорек көзі. Үшіншіден, көршілес өңірлерден миграциялануы мұмкін. Арал ауданына жақын орналасқан аудандарда да шегіртке көп болса, олар шекарадан өтіп, жаңа аумақтарға таралуы ықтимал. Тағы бір нұсқа, табиғи жауларының азаюынан да зиянкес қаптауы ықтимал.

— Оған қарсы күреске жылда қаржы да, күш те көп жұмсалады. Бірақ мұның тиімсіз болуы неден?
— Енді бұл жерде нақты мына тәсіл тиімсіз болды деп дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен, шегірткемен күрестің тиімсіздігі бірнеше факторға байланысты болуы мүмкін. Алдымен, қауіпті жәндіктің биологиялық ерекшеліктері мен көбею қабілетін білу керек. Азиялық шегіртке сияқты түрлері жаппай көбеюге бейім. Бір аналық 100-ге дейін жұмыртқа сала алады. Ұшу қабілеті жоғары, бір аймақта уланған шегірткелер басқа аймақтан қайта ұшып келе алады. Одан кейінгі болжамды себеп — қауіпті ерте анықтау мен мониторингтің әлсіздігі. Себебі шегіртке жер астына (топыраққа), тереңге жұмыртқа салады, бұл оларды ерте кезеңде анықтауды қиындатады. Климаттық жағдайлар да әсер етуі мүмкін.
Құрғақ әрі жылы ауа райы шегірткелердің көбеюі үшін қолайлы. Жауын-шашынның аз болуы табиғи жаулар мен биологиялық тепе-теңдікті бұзады. Бұл жағдайлар профилактикалық шараларды тиімсіз етеді. Одан кейін аймақаралық және халықаралық координацияның әлсіздігі кері әсерін тигізеді. Шегірткелер шекарамен шектелмейді, көршілес елдер мен облыстардан ұшып келуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан мен көрші елдердің арасында ақпарат алмасу тиімділігін арттырып, бірлескен іс-шаралар атқарылуы керек деп есептеймін. Ендігі фактор — биологиялық күрес әдістерінің жеткіліксіздігі.

— Сонда шегірткемен күресте қандай тәсіл тиімді? Кейбір тәсілдер қоршаған ортаға кері әсерін тигізбей ме?
— Шегірткемен күресте жоғарыда аталған тәсілдерді біріктіріп пайдаланса, олармен күресу тиімділігі артады. Әсіресе, шегірткелерді табиғи жауларының (құс, паразит жәндік, саңырауқұлақтар) көмегімен жою жолы толық зерттеліп, қолданылса, мұның тиімділігі зор. Себебі оны тек химиялық әдіспен жою экологияға кері әсер етеді және бұл ұзақ мерзімді шешім емес.
Бұған дейін біз Қызылорда облысы Арал ауданының елді мекендерінде шегіртке қаптап кеткенін, оған қарсы күрес жұмысы туралы жазғанбыз.