Табысы артқан не қарызға батқан ұлттық компаниялар қайсысы

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Kazinform тілшісінің ресми сауалына орай еліміздің ең табысы жоғары және шығыны мол мемлекеттік және квазимемлекеттік компанияларды атады.

 Табысы артқан не қарызға батқан ұлттық компаниялар қайсысы
Коллаж: Kazinform

Алдымен табысы жоғары компанияларға тоқталсақ, олардың қатарында «СҚ-Фармация», «ҚазАвтоЖол» АҚ, «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ, «Жасыл даму» АҚ, Қазарнаулыэкспорт, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы, «ҚазАэроНавигация», «Бәйтерек» холдингі және «Самұрық-Қазына» АҚ-ты атауға болады.

1. «СҚ-Фармация»

Табысты компаниялар көшін бастаған «СҚ-Формация» тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында халықтың дәрілік заттармен қамтамасыз етумен және Қазақстанның фармацевтика саласының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырумен айналысады. 2023 жылдың қорытындысында компания 424 млрд теңге табыс тапты, ал таза кірісі 11,54 млрд теңге.

Естеріңізге сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, осы жылдың 1-тоқсанында «СҚ-Фармация» ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Талдау нәтижелері СҚФ-да халықты дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен уақытылы және сапалы қамтамасыз ету, фармацевтика саласы мен өнеркәсіпті дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруға кедергі келтіретін елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екенін көрсетті. Осылайша, дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша аукциондардың (2020-2023 жылдар кезеңінде барлығы 1 241 лот) жартысынан көбі бәсекелестік емес тәсілмен өткені анықталды.

Осы оқиғадан кейін Еркен Исаханұлы Жақатай «СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды. 

2. «ҚазАвтоЖол»

Бұл ұлттық компания еліміздегі автомобиль жолдарын басқаратын жалғыз оператор саналады. Өткен жылы оның табысы 39,36 млрд теңге болды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың айтуынша, Қазақстандағы жолдардың 90 пайызға жуығы сыртқы қарыз есебінен салынып жатыр. Себебі бюджет есебінен жол салуға қаражат қарастырылмаған. Ал сыртқы қарыздарды қайтарудың бірнеше жолы бар. Біріншісі – концессия арқылы, яғни ақылы жолдардан түскен қаражат есебінен өтеу. Екіншісі – бюджеттен жеңілдетілген несие беру арқылы қайтару. Үшіншісі – республикалық бюджет есебінен.

3. «Проблемалы кредиттер қоры» АҚ

Аталған компания екінші деңгейлі және бұрынғы банктердің активтерін сатып алу арқылы банк секторын сауықтырумен, сонымен қатар оларды қайта құрылымдау, қарыздарды өндіру және сату арқылы экономикаға активтерді тартумен айналысады. 2023 жылы акционерлік қоғам тауарлар мен қызметтерді сату арқылы 11,219 млрд теңге табыс тапты. 

 Табысы артқан не қарызға батқан ұлттық компаниялар қайсысы
Коллаж: Kazinform

4. «Жасыл даму» АҚ

Утильалым бойынша оператор компания өткен жылы 28 млрд теңге табысқа шықты. Компания өнім қалдықтарын кешенді басқарудың бірыңғай жүйесін құруға және осы қалдықтарды қайталама шикізат ретінде айналымға тартуға, бизнестің кеңінен қатысуымен қоқыс өңдеу саласының инфрақұрылымдық дамуына жәрдемдесіп, «жасыл» технологияларды енгізуді жүзеге асырады.

«Жасыл даму» АҚ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы Қазақстан Республикасында қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу технологияларын енгізу, қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу, қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға бағытталған, қалдықтарды басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру жобаларына 200 млрд теңге бөліп отыр. Қаржыландыру сыйақы мөлшерлемесі жылдық 3 пайыздан аспайтын 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге қайтарымды қаржы саналады.

5. ҚазАэроНавигация

2023 жылы компания тауарлар мен қызметтерді сатудан 150 млрд теңгеге кіріс алды, ал бір жылдағы пайда 74 млрд теңге болды. Кәсіпорын қызметінің негізгі түрлеріне әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, радиотехникалық қамтамасыз ету мен байланысты пайдалану, сондай-ақ ҚР әуе кеңістігін пайдаланушыларға аэронавигациялық және метеорологиялық ақпарат беру кіреді.

5. «Байтерек» холдингі

«Бәйтерек» мемлекеттік холдингінің жиынтық табысы 2023 жылы 421 млрд теңгені құрады, ал салық салудан кейінгі пайда 11,54 млрд теңге болды.

Айта кетейік, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және Lesha Bank LLC «Bereke Bank» АҚ-ның 100% акцияларын сату мәмілесінің аяқтады. Мәмілені қазақстандық реттеушілер барлық тұрғыдан мақұлдады. Оның ішінде тамыз айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Lesha Bank-тің банктік холдинг мәртебесін алуына келісімін және Bereke Bank-ті сатып алуға рұқсатын берді.

6. «Самұрық-Қазына» АҚ

2023 жылы акционерлік қоғам 2,13 трлн теңге табыс тапты. Кірістің артуына топтың мынадай негізгі өндірістік көрсеткіштерінің оң нәтижесі ықпал етті:

- уран сату көлемі 18,1 мың тоннаны құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 10,4 пайызға артық;

- ҚТЖ ҰК темір жолы арқылы жүк айналымының көлемі 262,4 млрд тонна/шақырымға жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп;

- QazaqGaz табиғи газ сату көлемін 24,1 млрд текше метрге жеткізіп, 2022 жылғы көрсеткіштен 1,4 млрд текше метрге асып түсті;

- «ҚазМұнайГаз» ҰК мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 23,5 млн тонна деңгейінде болды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден 6,8 пайызға жоғары.

Алайда ҚМГ қызметінің нәтижелеріне мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуі қатты әсер етті.

Енді еліміздегі ең шығыны мол компанияларға жеке тоқталайық.

1. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мәліметінше, 2023 жылы бұл корпорация еліміздегі ең шығынды кәсіпорын болып тұр. Компания астықты сатып алу, сақтау және өткізу арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады және Қазақстанда осы өнімге бағаны тұрақтандыруға қатысады. Бұл ретте ол өзінің бағалы қағаздарын қор нарықтарына және қазақстандық және шетелдік банктерден қарыздарды орналастыру есебінен қаржыландырылады.

2024 жылдың басында вице-премьер Серік Жұманғарин биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» жарғылық капиталын толықтыруға 40 млрд теңге бөлінгенін және тағы 30 млрд теңге республикалық бюджетті нақтылау аясында берілуі мүмкін екенін мәлім етті. Шоғырландырылған қаржылық есептің деректері бойынша, 2024 жылғы 30 маусымда компанияның бүкіл тобының айналым активтері оның қысқа мерзімді міндеттемелерінен асып түсті. Ал таза шығын 10,4 млрд теңгені құрады.

2. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім орталығы

Тізімнің келесі сатысында коммерциялық емес ұйым – «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ орналасқан. 

Бұл компания агроөнеркәсіптік кешен саласындағы зерттеулермен, әзірлемелермен және білім беру қызметімен айналысады. Орталық ғылыми мекемелер мен аграрлық университеттердің жұмысын үйлестіреді, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін зерттеулер жүргізеді және сала үшін білікті кадрлар дайындайды. Компанияның шығынын орталықтың 2022 жылдың екінші жартыжылдығы мен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығына орай сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты жүргізілген ішкі талдау растады. Сол кезде аудиторлық есеп шығынның 1,4 млрд теңгені құрағанын көрсетті.

3. Қазақстан Инжиниринг

«Қазақстан Инжиниринг» ҰК АҚ (Kazakhstan Engineering) — Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын басқаратын мемлекеттік компания.

Акционердік қоғам елдің күштік құрылымдарының қажеттіліктері үшін әскери техниканы, қару-жарақ пен жабдықтарды өндірумен, жөндеумен және жаңғыртумен айналысады. Қорғаныс секторынан басқа, компания инженерлік шешімдерді, машина жасау қызметтерін және өндіріс орындарын ұсына отырып, азаматтық салаларда жұмыс істейді.

Шоғырландырылған қаржылық есептілікте 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша компаниялар тобының қордаланған шығыны 9,2 млрд теңгені құрады.

4. «Астана Опера» опера және балет театры

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры» АҚ - опера және балет спектакльдерін қоюға маманданған Қазақстанның ең ірі театры. Үкіметтің бастамасымен 2013 жылы құрылған театр халықаралық фестивальдар мен гастрольдер өткізеді.

2023 жылғы соңғы аудиторлық есеп бойынша театрдың жарғылық капиталы 51,6 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте ұйым әлі де квазимемлекеттік сектордағы ең шығынды тізімге еніп отыр. «Астана Операның» соңғы қаржылық есебінде 2023 жылы кәсіпорынның шығыны 1,1 млрд теңге болғаны көрсетілген. 2022 жылы театр өзінің жарғылық капиталына 100 млрд теңгеге айналымнан тыс активтер алған болатын.

5. Қазақфильм

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ 1934 жылы құрылған және қазақстандық фильмдерді шығарумен, таратумен және насихаттаумен айналысады.

Студия коммерциялық тұрғыдан сәтті жобалардың жоқтығы, кассалардың аздығы және фильм өндірісінің жоғары шығындары үшін сынға ұшырап келеді. Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов Мәжілісте Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне ВАП қорытындысын таныстыру барысында «Қазақфильм» АҚ шығарған кинокартиналар түсімдерінің үлесі оларға жұмсалған бюджеттің 4,8 пайызын ғана құрағанын мәлім еткен еді.

6. Қазимпекс

Бұрынғы акционерлік қоғам «Казимпэкс» республикалық орталығы 2023 жылы Үкімет қаулысымен ЖШС болып қайта құрылды. Жаңа компанияның негізгі бағыттары - өзге де сымсыз телекоммуникациялық байланыстарды жүзеге асыру, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелер дайындау.

7. Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығы

Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы – Бұл Қазақстандағы ғарыш ғылымы мен технологияларын дамытуға жауапты ғылыми-зерттеу ұйымы.

Орталық спутниктік жүйелер, Жерді қашықтықтан зондтау саласында зерттеулер жүргізеді, елдің ғарыш саласы үшін жаңалықтар әзірлейді. Сондай-ақ, ұйым қазақстандық спутниктерді әзірлеуге және пайдалануға, ғарыш инфрақұрылымын құруға қатысады және осы салада мамандар даярлау үшін білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Аудиторлық есепке сәйкес, 2023 жылы орталық 475 млн теңге шығынға батқан.

8. Мемлекеттік радиожиілік қызметі

«Мемлекеттік радиожиілік қызметі» ШЖҚ РМК Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы саналады.

Халықтың теле, радиоарналарды қабылдау сапасын қоса алғанда, байланыс қызметтерi сапасының параметрлерiн өлшеу, сондай-ақ радиожиiлiк спектрiнiң, радиоэлектрондық құралдардың және (немесе) жоғары жиiлiктiң мониторингi бойынша жұмыстарды орындаумен айналысады.

2022 жылы қызметтің жалпы жиынтық шығыны 183 млн теңгені құрады. Сол кезде ұйымда «Кселл» АҚ (15,6 млн), «Мобайл Телеком» ЖШС (15,6 млн), «Jusan Mobile» АҚ (333 мың), «ASTEL» АҚ (333 мың), «Транстелеком» АҚ (999 мың), «Сеть» дивизионы» бірлестігі – «Қазақтелеком» АҚ филиалы (1,4 млн), «Қазтелерадио» АҚ (89 мың) және «Кар-Тел» ЖШС (15,6 млн) алдында берешегі болды.

Соңғы жаңалықтар