Тағамдағы құрт-құмырсқа: СҚО-да мектеп асханалары тексеріліп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында ата-аналардың шағымынан кейін мектеп асханаларында тексеріс басталды.
СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомствоаралық комиссия құрылған. Сонымен қатар әр мектепте директордың төрағалығымен және ата-аналардың қатысуымен бракераждық комиссия жұмыс істейді.
Ал Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының директоры тарапынан дұрыс бақылаудың болмауы себепті ол қызметінен босатылды.
Осы мектеп оқушыларына тамақтандыру қызметін көрсеткен кәсіпкермен де келісімшартты бұзу рәсімі басталды. Жақын арада мектепте тамақтандыру қызметін көрсетуге жаңа конкурс жарияланатын болады.
Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауына алынған.
Естеріңізге салайық, Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында оқушылардың тамағынан жәндіктер табылғанын жазған едік. Ата-аналар асхана қызметінің сапасына наразылықтарын талай білдіргенімен, еш шара қолданылмаған.