Таиланд пен Камбоджа 24 желтоқсанда бітімге қатысты келіссөз өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд пен Камбоджа 24 желтоқсанда атысты тоқтату жөніндегі бітімді жан-жақты талқылайды. Бұл туралы Таиландтың сыртқы істер министрі Сихасак Пхуангкеткео мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.
Министр бұл туралы Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына мүше елдердің (АСЕАН) сыртқы істер министрлерінің Таиланд пен Камбоджа арасындағы жалғасып жатқан қақтығысты реттеуге арналған арнайы кездесуінен кейін өткен баспасөз брифингінде айтты.
Сихасак Пхуангкеткео Таиланд тарапынан мәселелерді екіжақты арналар арқылы шешуге үміт бар екенін атап өтіп, атысты тоқтату жөніндегі келіссөздер Генералдық шекара комитеті аясында жүргізілетінін жеткізді.
Таиланд пен Камбоджа арасындағы жағдайға арналған АСЕАН елдері сыртқы істер министрлерінің арнайы кездесуі 21 желтоқсанда Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өтті.
Бұған дейін Таиландта Камбоджамен арадағы шиеленіскен жағдайға байланысты парламент таратылғаны хабарланған болатын.