Таиланд пен Қазақстан медициналық серіктестікті арттырмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд пен Қазақстан алғаш рет денсаулық сақтау саласындағы тәжірибе алмасуды бастады. Бұл үшін Оңтүстік Азиядан келген дәрігерлер Астанада академиялық симпозиумдар мен дәрістер өткізеді. Делегация құрамында медициналық инновациялар мен робототехника саласындағы жетекші компания өкілдері де бар.
Елшіліктің хабарлауынша, Таиланд үкіметі жаһандық денсаулық сақтауда серіктестікті арттырып, әлем азаматтарына көмек көрсету саясатын жүргізе бастаған. Оның аясында Қазақстанмен де өзара тиімді серіктестік жасау көзделіп отыр.
– Қазақстан – Таиландтың Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесі, біз саясат, сауда және туризм сияқты түрлі бағытта ынтымақтасамыз. Біздің еліміз жыл сайын Қазақстаннан 200 мың турист қабылдайды. Бірақ медицина саласындағы әлеуетіміз ашылмай отыр. Таиланд дегенде теңіз, жағажай, муай-тай спорты еске түсуі мүмкін. Дегенмен өңірдегі сапалы медициналық қызметтер мен озық емдеу мүмкіндіктері бар ел ретінде тани бермейді. Өз кезегімізде біз Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші медицина хабы ретінде мойындаймыз. Ел Үкіметінің денсаулық сақтау жүйесін дамыту ұстанымын, оның ішінде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ адами капиталды нығайту жұмыстарын жоғары бағалаймыз, – дейді Қазақстандағы Таиланд корольдігінің төтенше және өкілетті елшісі Пияпин Нийомреркс.
Әсіресе Таиланд пен Қазақстан онкология мен сауықтыру саласына басымдық беріп, тәжірибе алмасқысы келеді. Соңғы жылдары онкологиялық ауруларды емдеу саласында үлкен өзгерістер орын алды. Қазір әр науқастың ерекшелігіне қарай түрлі технологияларды қолданып, қатерлі ісіктің көптеген түрін емдеуге мүмкіндік бар. Дегенмен олардың бағасы қымбат болуы мүмкін. Тай дәрігерлері арзанырақ медициналық қызмет пен препараттар ұсына алатынын айтады.
– Соңғы он жылда кеңінен дамыған бағыттардың бірі — иммунотерапия арқылы емге көнбейтін рецидиві бар науқастарға көмектесуге болады. Таиландта біз өзіміздің ғылыми әлеуетімізді пайдаланып, иммундық жасушаларды жергілікті деңгейде модификациялауды бастадық. Болашақта ынтымақтастықты арттырып, шеберлік сағаттарын өткізіп, бұл технологияларды Қазақстанның өзінде дамытуға мүдделіміз, – дейді Бангкоктағы Samitivej hospital дәрігері Сутхат Фучароэн.
Бұған дейін Таиланд сарапшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы пікір білдірген еді.