Таиланд соты премьер-министрді қызметінен босатты

БАНГКОК. LAZINFORM – Таиландтың Конституциялық соты Phya Thai партиясынан шыққан премьер-министр Сеттха Тхависинді этика кодексін бұзды деп айыптап, қызметінен шеттетті. Соттың тиісті шешімі жарияланды, деп хабарлайды Bangkokpost.

Сеттха Тхависин
Фото: Nutthawat Wichieanbut

Тоғыз судьяның бесеуі үкімет басшысының отставкаға кетуіне дауыс берді. Судьялар Тхависинді 2024 жылдың сәуірінде Пхичит Чинбанды министр етіп тағайындау кезіндегі заң бұзушылықтар үшін кінәлі деп тапты.

– Бұл Phya Thai партиясының кедергілерге тап болуы бірінші рет емес. Бірақ біз жұмысты жалғастырамыз. Біз кедергілерге кез болған сайын тоқтамаймыз. Біз алға басамыз, – делінген партия мәлімдемесінде.

Премьер-министрмен бірге оның кабинеті де отставкаға кетеді.

Премьер-министрдің орынбасары және сауда министрі Пхумтхам Вечайчай уақытша үкіметтің басшысы болады деп күтілуде. Өкілдер палатасының (парламенттің төменгі палатасы) мүшелері енді 2023 жылғы парламенттік сайлаудан кейін партиялар бұрын ұсынған кандидаттар тізімінен жаңа премьер-министрді қарап, бекітуі керек.

Таиландтық БАҚ Тхависин үкіметінде Ішкі істер министрлігін басқарған Анутин Чанвиракун жетекшілік етеді деп болжайды.

Егер парламент мүшелері кандидаттар арасынан премьер-министрді таңдай алмаса, уақытша үкімет басшысы Өкілдер палатасының таратылғанын жариялай алады. Мұндай жағдайда сайлау комиссиясы бес күн ішінде парламенттік сайлаудың өтетін күнін жариялауы тиіс. Алайда, жергілікті сарапшылар мұндай нәтиже болуы екіталай деп есептейді.

Сеттха Тхависиннің кандидатурасын корольдік парламент 2023 жылдың 22 тамызында мақұлданған.

Айта кетейік, наурыз айында Таиланд парламенті біржынысты неке туралы заң қабылдады.

Соңғы жаңалықтар