Таиландта көп жолдама алғымыз келеді – бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бапкері

АСТАНА. KAZINFORM - Бокстан Қазақстан құрамасы Бангкокта өтетін 2024 жылғы Париж Олимпиадасына соңғы жолдамалар сарапқа салынатын әлемдік турнирге аттанды. 

Елдос Сайдалин
Фото: Olympic.kz

Осыған орай, бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалинге арнайы қоңырау шалып, бұрымды боксшыларымыздың дайындығы туралы сұрап-білген едік.

«Бангкокта өтетін әлемдік лицензиялық турнирге аттанып бара жатырмыз. Оқу-жаттығу жиыны ойдағыдай өтті. Боксшы қыздарымыз Алматы облысындағы Олимпиялық базада тыңғылықты дайындалды. Жаттығуларды екі кезеңге бойынша өткіздік. Өздеріңіз білесіздер, соңғы лицензиялық турнирге баратын боксшыларды Астанада арнайы іріктедік. Құрамада көптеген өзгеріс бар. Енді, біздің алдымыздағы жалғыз мақсат – барынша көбірек жолдамаға қол жеткізу», - деп атап өтті бас бапкер.

Алайда ол Бангкокта нақты қанша жолдамаға қол жеткізуді көздеп отырғанын ашып айтқан жоқ.

«Әзірге, әйелдер боксынан жалғыз жолдама ғана бар. Жалпы, Парижге толық құрамда бару үшін бізге әлі бес жолдама жетпейді. Бапкердің басты мақсаты – Олимпиадаға шәкірттерін барлық салмақта апару. Алайда, Таиланд шаршы алаңында нақты қанша жолдама боларын болжау қиын. Сондықтан, мен бұл мәселеге әзірге ештеңе айта алмаймын. Бәрін шаршы алаң көрсетеді», - деді бас бапкер Елдос Сайдалин. 

Айта кетейік, әйелдер құрамасындағы жалғыз жолдаманы 57 келі салмақта Карина Ибрагимова жеңіп алған. Ол оны былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында иеленді. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Таиландтағы әлемдік лицензиялық турнирге кімдер баратынын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар