Таиландтың оңтүстігінде су тасқыны салдарынан жүздеген турист эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд билігі Сонгхла провинциясының аудандарында нөсер жаңбырларға байланысты Хатъяй қаласындағы су басқан қонақ үйлерден 400-ден астам туристі эвакуациялады, деп хабарлайды Kazinform.
Бангкоктық Khaosod English басылымының хабарлауынша, Туризм және спорт министрі Судэван Вангсупхакчикосол 24 қарашада ведомствоның елшіліктер, қонақүй иелерімен және жергілікті билікпен бірлесіп су тасқынынан зардап шеккен саяхатшыларды тауып, оларды қауіпсіз аймақтарға көшіру үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ирригация департаменті шетелдік және тай туристерін су басқан аймақтардан уақытша баспаналарға тасымалдау үшін үлкен жүк көліктерін жіберіп, оларды су және тамақпен қамтамасыз еткен.
Билік мәліметінше, жексенбі күні 17 қонақүйден 402 турист Хатъяй муниципалитетіндегі қабылдау орталықтарына жеткізілді, ал кейбіреулері кейінірек қалалық автовокзалға жіберілді. Малайзиялық туристер автобустарға міну үшін Садао бақылау-өткізу бекетіне дейін шығарылды.
Шенеуніктер Сингапур елшілігіне, сондай-ақ Малайзия мен Индонезия консулдықтарына жағдай мен құтқару жұмыстарының барысы туралы хабарлағанын мәлімдеді.
Таиландт оңтүстігінің ауа райы және табиғи катаклизмдер жөніндегі сарапшы доктор Сомпорн Чуаяри BBC Thai арнасына Хатъяйдағы биылғы ең қатты су тасқыны аймақтың үстінен тікелей өтетін тропикалық фронт бойындағы қалыптан тыс қатты жаңбырдан болғанын айтты.
Еске сала кетсек, Албанияға жауған нөсер жаңбыр мен болған су тасқыны салдарынан Грекиямен шектесетін Деволе ауданында бір әйел қаза тапты.