Талғар ауданында қоқыстан Мемлекеттік рәміздер табылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан қоқыс полигонында Мемлекеттік рәміздер табылды. Қоқыс арасында жатқан бірнеше Елтаңба мен Мемлекеттік тудың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарады.

мемлекеттік рәміз
Фото: видеодан скриншот

Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, бейнежазба Талғар ауданына қарасты Қайнар ауылдық округінің Еркін ауылының аумағында орналасқан қоқыста түсірілген.

— Әкімдік қызметкерлері полигон алаңын тексерді. Тексеру кезінде аталған мемлекеттік рәміздердің жанында білім беру мекемесі — колледждің құжаттары бар екені анықталды. Басқа мән-жайлар анықталып жатыр. Қазіргі уақытта полигон орнынан Мемлекеттік рәміздер алынып тасталды. Аталған Мемлекеттік рәміздер Талғар ауданының мемлекеттік мекемелеріне тиесілі емес, — деп хабарлады әкімдіктен.

Ал Алматы облысының Полиция департаменті Мемлекеттік рәміздерді қорлау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

— Талғар аудандық полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті жедел іс-шаралар ұйымдастырды. Кінәлі адамдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатын болады, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында атышулы Хасан Қасымбаев ұсталғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар