Талғар маңында түнгі уақытта тағы жанжал шықты
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында жанжал болғаны туралы ақпарат тарады. Алматы облысының Полиция департаменті бұл дерек бойынша түсінік берді.
Желідегі мәлімет бойынша, бойынша, Тұздыбастау ауылындагы «Бастау» кафесінің алдында белгісіз адамдар арасында жанжал болған.
Алматы облысының Полиция департаменті кикілжіңге қатысқан күдіктілер ұсталғанын хабарлады.
— Бұзақылық әрекеттер фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы полицияға жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін 4 қазан күні Талғар қаласындағы төбелестен жасөспірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Алматы облысының прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын хабарлады.
Бірнеше күннен кейін жасөспірімнің өліміне күдіктілер Қонаевқа ауыстырылды.