Талғар оқиғасы бойынша қандай сараптамалар жасалуда
АСТАНА. KAZINFORM - Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли Талғар оқиғасы бойынша қандай сараптама жүріп жатқанын айтты.

«Аталған шулы оқиғаға байланысты істің мән-жайын айта алмаймыз. Себебі ол Ішкі істер министрлігінің міндетіне жатады. Ал сот-медициналық сараптамаларға келсек, 5 түрлі сараптама тағайындалды. Олар: мәйіттің экспертизасы, сол жердегі шыққан өрттің себептерін анықтау экспертизасы, фото-техникалық экспертиза, молекурлярлы-генетикалық экспертиза, биологиялық экспертиза”, - деді ол.
Талғат Уәли сараптамаға қандай да бір қару алынған, алынбағанын айтуға қақысы жоқ екенін жеткізді.
“Ол сараптамалардың үшеуі аяқталып құқық қорғау органдарына берілді. Қалғандары зерттеліп жатыр. Толық мән-жайын тек ішкі істер министрлігінен біле аласыздар”,- деді ресми өкіл.
Еске салайық, бұған дейін 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен 16 жасар жасөспірім қайтыс болғанын жазғанбыз.
Ашулы талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.
Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.
12 қазан түнде қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
18 қазан күні Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметінен кетті.