Талғар соты Хасан Қасымбаев ісі бойынша үкімнің егжей-тегжейін түсіндірді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Талғар аудандық соты Хасан Қасымбаев пен тағы бес сотталушыға қатысты үкімнің мән-жайын түсіндірді. 

Талғар соты Хасан Қасымбаев ісі бойынша үкімнің егжей-тегжейін түсіндірді
Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

Соттың мәліметінше, Хасан Қасымбаев ҚР ҚК-нің 28-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 2-бөлігінің 1), 3) тармақшалары, 28-бабы 3-бөлігі, 106-бабы 2-бөлігінің 3), 5), 7) тармақшалары, 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақшалары бойынша (адам ұрлауды, қасақана ауыр зиян келтіруді, қорқытып алушылықты ұйымдастырғаны үшін) жауапқа тартылды.

Қалимжанов, Ақтанов, Әлиев, Асқаров, Сұлтанбеков — ҚР ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігінің 1), 3) тармақшалары, 106-бабы 2-бөлігінің 3), 5), 7) тармақшалары бойынша (адам ұрлау және қасақана ауыр дене жарақатын келтіру) айыпталды.

Хасан Қасымбаев басқа сотталушылармен алдын ала сөз байласып, азамат Әлімовке күш қолданып, ұрған.

Айыпталушылар Қалимжанов, Ақтанов, Әлиев, Асқаров, Сұлтанбеков жәбірленуші Арман Әлімовті күштеп көлікке отырғызып, елді мекеннен тыс жерге апарып, соққыға жыққан.

Салдарынан жәбірленуші ауыр дене жарақатын алған. Бұдан бөлек, Қасымбаев басқа тұлғалармен бірге азамат Әріпжан Тәжиевтен 1 000 000 теңге көлеміндегі ақшаны күш қолданып, қорқытып алған.

— Айыпталушылардың кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, беттестіру нәтижелерімен және сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді, — деп хабарлады Алматы облысы Талғар аудандық соты.

Сот жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ айыпталушылардың жеке тұлғасын ескеріп, мынадай жаза тағайындады:

* Хасан Қасымбаев — ұйымдастырушы ретінде 12 жыл бас бостандығынан айыру;

* Мадияр Қалимжанов. — бұрын ауыр қылмыс (бұзақылық) үшін сотталғанын ескере отырып, 9 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру;

* Сайлау Ақтанов — бұрын ауыр қылмыс (бұзақылық) үшін сотталғанын ескере отырып, 8 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру;

* Нұрмұхамет Сұлтанбеков — бұрын аса ауыр қылмыс (кісі өлтіру) үшін сотталғанын ескере отырып, 22 жыл бас бостандығынан айыру;

* Әлиев және Асқаров — бұрын сотталмаған, 8 жыл бас бостандығынан айыру.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бүгін, 11 қарашада Талғар аудандық соты Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып ақша бопсалау ісі бойынша кінәлі деп таныды.

Сот оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар іс бойынша тағы бес адамға үкім шықты.

Мұның алдында Хасан Қасымбаевтың адвокаттары сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар