Талғардағы қанды оқиға: кісі өлтіру мен бала ұрлауға қатысты іс сотқа жолданды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында ер адамды атып өлтіру және кәмелетке толмаған қызды ұрлау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды.

Талғардағы қанды оқиға: бейтаныс адам ер азаматты атып, баланы алып кетті
Фото: видеодан алынған скрин

Бұл туралы Kazinform тілшісіне жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палманов айтты.

– Қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 305-бабы тәртібі бойынша айыптау актісімен бірге Алматы облысының прокуратурасынан Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот Қаскелең қаласында орналасқан, - деді адвокат.

Іс бойынша үш күдікті бар, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Негізгі күдіктіге 12 бап бойынша айып тағылған: оның ішінде «адам өлтіру», «зорлау», «адам ұрлау», «қаруды заңсыз сақтау» және басқа да ауыр қылмыстар бар. Ал кәмелетке толмаған екі жасөспірімге «адамдар тобы болып кісі өлтіру» және «кәмелетке толмағанды қатыстыру арқылы адам ұрлау» баптары бойынша айып тағылып отыр.

Еске салайық, Талғарда 2025 жылғы 6 қыркүйекте жантүршігерлік қылмыс болды: бейтаныс адам ер кісіні атып, кішкентай қызды алып қашып кеткен еді.

Тергеу мәліметінше, күдікті мен кішкентай қыздың анасы бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал шығып, ер адам әйелдің ағасын мылтықпен атып тастаған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.

Кейін полицияның арнайы жасағы қызды босатып, күдіктіні ұстады.

Артынша жарақат алған кішкентай қызға ота жасалды.

Бұл оқиға бойынша полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне байланысты іс қозғалды.

Кейінірек Талғар ауданы полиция басқармасының бір қызметкерінің салғырттығына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталғаны хабарланды.

Ал 2025 жылғы 13 қазанда кісі өлтіру мен бала ұрлау ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар