Талғардағы кісі өлтіру мен бала ұрлау ісі: алдын ала сот тыңдауы қашан өтеді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Қызылқайрат ауылында кісі өлтіру мен бала ұрлау ісіне қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдаулар 4 желтоқсанға жоспарланған.

Талғардағы қанды оқиға: бейтаныс адам ер азаматты атып, баланы алып кетті
Фото: Видеодан алынған скрин

Адвокат Жандос Палмановтың айтуынша, сот отырысы Қаскелеңде өтеді.

– Қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 2025 жылғы 4 желтоқсанда сағат 10:00-де Алматы облысы Қаскелең қаласында Момышұлы көшесі, 5 мекенжайында орналасқан Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өтеді, - деді Жандос Палманов.

Сот процесін судья А.А. Бейімбетов жүргізеді. Тыңдаулар қазақ тілінде өтеді.

Іс бойынша үш күдікті бар, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Негізгі күдіктіге 12 бап бойынша айып тағылған: оның ішінде «адам өлтіру», «зорлау», «адам ұрлау», «қаруды заңсыз сақтау» және басқа да ауыр қылмыстар бар. Ал кәмелетке толмаған екі жасөспірімге «адамдар тобы болып кісі өлтіру» және «кәмелетке толмағанды қатыстыру арқылы адам ұрлау» баптары бойынша айып тағылып отыр.

Еске салайық, Талғарда 2025 жылғы 6 қыркүйекте жантүршігерлік қылмыс болды: бейтаныс адам ер кісіні атып, кішкентай қызды алып қашып кеткен еді.

Тергеу мәліметінше, күдікті мен кішкентай қыздың анасы бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал шығып, ер адам әйелдің ағасын мылтықпен атып тастаған. Ол алған жарақатынан сол жерде көз жұмған.

Кейін полицияның арнайы жасағы қызды босатып, күдіктіні ұстады.

Артынша жарақат алған кішкентай қызға ота жасалды.

Бұл оқиға бойынша полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігіне байланысты іс қозғалды.

Кейінірек Талғар ауданы полиция басқармасының бір қызметкерінің салғырттығына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталғаны хабарланды.

Ал 2025 жылғы 13 қазанда кісі өлтіру мен бала ұрлау ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.

2025 жылғы 17 қарашада іс сотқа жолданды.

Соңғы жаңалықтар