Талғат Арданға қатысты сот үкімі қайта қаралуы мүмкін — Антикор
АСТАНА. KAZINFORM — Астана LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркиядан Қазақстанға жеткізілгеннен кейін, оған қатысты қылмыстық іс қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

— Сот үкімімен сырттай 11 жылға сотталды. Қазір Бас прокуратура экстрадициялаумен айналысып жатыр, Қазақстанға қайтарылған жағдайда, ол сот үкімімен танысады. Танысқан соң 15 күннің ішінде аппеляциялық шағым түсіретін болса, қайта қаралуы мүмкін, — деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Биыл мамырда Бас Прокуратура Астана LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданның Түркияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланатынын хабарлады.
Еске салайық, 2023 жылы мамырда елордада салынбай қалған Astana LRT құрылысына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот үкімімен Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбеков 7 жылға сотталды.
2024 жылы қарашада LRT экс-басшысы Талғат Арданға қатысты жаңа үкім шықты.
Айта кетейік, «Астана LRT» бойынша іс сотқа 2020 жылы қазанда жолданды.