Талғат Ермегияевке қамқорлық жасағандар жазаланды - ІІМ

Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі Астана қалалық қылмыстық атқару жүйесі департаменті ЕЦ 166/10 мекемесінің ресми тұлғаларына қатысты сотталушы Т.А.Ермегияевке қамқорлық жасау және оның жазасын өтеуі үшін қолайлы жағдай жасау фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізген.
«Ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында ІІМ бұйрығымен заңдылық пен қызметтік тәртіпті бұзуға жол бергені үшін 16 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде біреуі теріс қылықтары үшін ішкі істер органдарынан шығарылып, 12-сі лауазымды қызметтерінен босатылды. ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы, әділет полковнигі А.Базылбеков пен оның орынбасары әділет полковнигі Б.Төремұратовке қызметіне толық сай келмейтіндігі ескертілді», - деді Алмас Садубаев.
Сонымен қатар департамент басшысы қылмыстық атқару жүйесінің бөлімшелерінде жазаның орындалу жай-күйіне, жұмыстардың ұйымдастырылуына бірлескен тексеру жүргізіп жатқанын атап өтті.