Талғат Мұсабаевтың жаназасы қайда өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаевтың жаназасы мен қоштасу рәсімі қайда өтетінін мәлім етті.

р
Фото: Kazinform

– 6 тамыз күні сағат 9:00-де Алматы қаласы Зенков көшесі, 24-үйде орналасқан Армия үйінде Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевпен қоштасу рәсімі өтеді. Қазіргі уақытта министр (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев) іссапарда жүр. Бірақ ертеңге дейін оралып, қоштасу рәсіміне қатысуды жоспарлап отыр, –деп жауап берді вице-министр тілшілер сұрағына.

Ал Алматыдағы «Қарулы күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің филиалы Талғат Мұсабаевтың Кеңсай-1 зиратына жерленетін хабарлаған.

Еске сала кетсек, 3 тамызда 75 жасқа қараған шағында көрнекті ұшқыш-ғарышкер, авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев дүниеден озды.

1994 жылы Т. Мұсабаев егемен Қазақстанның алғашқы ғарышкері және ашық ғарышқа шыққан тұңғыш қазақ болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Соңғы жаңалықтар