Тапаншамен қорқытты: Алматыда әйелді тонап кеткен күдікті ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Полицейлер көшеде әйелге шабуыл жасаған 39 жастағы ер адамды ұстады.

қару
Фото: ҚР ҰҚК

Полиция департаментінен мәлім еткендей, қылмыс бүгін ертеңгісін Алмалы ауданында болды. Тұрғын үйдің ауласында белгісіз ер адам әйелді тапаншамен қорқытып, 400 мың теңгесін алып кеткен.

«Күдікті өзінің бетін шарфпен жапқан. Қылмыс жасағаннан кейін ол қашып кеткен. Дереу тергеу-жедел тобы құрылып, жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Түске қарай 39 жастағы күдікті ұсталды. Арнайы іс-шара қала орталығында, Абылай хан даңғылының бойында жүргізілді. Қаскөйдің шабуылды жоспарлағаны және үлкен пайдаға үміттенгені белгілі болды. Қазір ол қамауға алынып, газ тапаншасы тәркіленді», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.

Осыған дейін Алматыда бейнекамералардың көмегімен 2 мыңнан астам қылмыс ашылғаны туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар