Тараз әуежайы авиаотынды қымбат сатқаны үшін айыппұл төлейді

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысындағы «Әулие-Ата» халықаралық әуежайы авиаотынды өткізу кезінде монополиялық жоғары баға белгілеген. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті хабарлады.

Тараз әуежайы авиаотынды қымбат сатқаны үшін 3,2 млн теңге айыппұл төлейді
Фото: ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

Монополияға қарсы орган әуежайдың қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде бәсекелестік заңнамасының бұзылғанын анықтаған. Тергеп-тексеру барысында кәсіпорынның авиаотынды өткізу кезінде монополиялық жоғары баға белгілегені белгілі болды.

Әуежай бұл қорытындымен келіспей, тергеп-тексеру нәтижесін бірінші және екінші сатыдағы соттарда даулаған. Алайда Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы тергеп-тексеру нәтижелерін заңды әрі негізді деп таныды.

Кейін Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында өткен отырыста әуежай өз кінәсін мойындады.

Нәтижесінде кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 159-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Оған 3,2 млн теңге айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, монополиялық қызметтен алынған 25,2 млн теңге кіріс тәркіленді.

Сондай-ақ монополияға қарсы орган әуежайға заң бұзушылықты тоқтату туралы нұсқама берді. Кәсіпорынға авиаотын бағасын экономикалық тұрғыдан негізделген деңгейде белгілеу міндеттелді.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында «Потенциал Ойл» ЖШС қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзғаны үшін 1,4 миллиард теңгеден астам әкімшілік айыппұл төлегенін хабарлағанбыз.