Тараздағы мектеп-интернатта қыз баланы қорлаған сәт камераға түсіп қалған
ТАРАЗ. KAZINFORM — Камераға іліккен кадрларда бірнеше жасөспірімнің қызды сүйреп апарып, дәретхана кабинасына кіргізгені анық көрінеді. Кейін басқа балалар есікті ашып-жапқанда қыз баланың шалбарын киюге тырысып жатқаны, ал айналасында жасөспірімдердің топталып тұрғаны түсіп қалған.
Қорлау әрекеті жазылып қалған бейнежазба бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде пайда болып, қоғамда резонанс тудырды. Алайда бүгін Тараздағы кейбір пабликтер белгісіз себептермен видеоны өшіре бастады. Соған қарамастан, ақпарат құзырлы органдарға жетіп үлгерді.
Жамбыл облысының білім басқармасы бұл оқиға Тараз қаласындағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған Н. Тілендиев атындағы мектеп-интернатта болғанын растады. Мамандар тарапынан оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізілген.
– 2025 жылғы 5 сәуірде болған оқиға бойынша мектеп-интернаттың жауапты қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданылды. Оқиға туралы құзырлы органдарға уақтылы хабарламағаны үшін мектеп-интернат директоры да Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, директорға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғау үшін Жамбыл облысы Білім сапасын қамтамасыз ету департаментіне ұсыныс жолданды, – деп хабарлады басқармадан.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бұл оқиғаға құқықтық баға беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Таразда оқушының анасына баласының буллинг әрекеті үшін айыппұл салынды.
Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап елімізде «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасы іске қосылады.