Таразда смарт-технологиялар шығаратын зауыт салынады
ТАРАЗ. KAZINFORM –ҚХР инвесторлары Тараз қаласында су ресурстары мен ирригация жүйелерін басқаруға арналған смарт-технологиялар шығаратын зауыт ашады. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен қытайлық компаниялар консорциумы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Министрлік мәліметінше, құжатқа Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Yellow River Engineering Consulting Co. Ltd компаниясының директоры – бас экономисі Ин Дэвэнь қол қойды. Шетелдік делегация құрамында Leture Technology және Cheng Cheng Group компанияларының басшылары да болды.
Кәсіпорын цифрлық шешімдер өндіруге маманданады. Атап айтқанда, су ресурстарын бөлуді автоматты түрде бақылау және басқару жүйелері, су деңгейі мен сапасын өлшейтін датчиктер, ирригация желілерін диспетчерлеуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешендер, сондай-ақ су тасқыны мен төтенше жағдайларды ерте ескерту жүйелері шығарылады. Зауыттың іске қосылуы Қытайда қолданылатын озық технологияларды жергілікті жағдайға бейімдеуге, білім мен тәжірибе трансферін қамтамасыз етуге және Қазақстанның су шаруашылығы саласына заманауи стандарттарды енгізуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорын «өндіріс – білім – ғылым» қағидаты бойынша жұмыс істейтін интеграцияланған орталықтың бір бөлігі болады деп жоспарланып отыр. Мұнда жабдық өндірумен қатар, мамандар даярлау, кадрлардың біліктілігін арттыру және цифрлық шешімдерді еліміздің климаттық және гидрологиялық жағдайына бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.
Жобаны жүзеге асыру ирригация жүйелерінің тиімділігін арттыруға, су шығынын азайтуға және Қазақстанның су қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
- Біз бірнеше бағыт бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Ең алдымен, автоматтандыру мен цифрландыруды міндетті түрде енгізе отырып, ирригация жүйелерін реконструкциялау. Екіншісі - кадр даярлау. Соңғы екі жылда біз қытайлық кәсіпорындармен белсенді ынтымақтастық орнаттық. Мысалы, биыл Power China компаниясының есебінен су шаруашылығы саласындағы 125 маман Қытайда біліктілігін арттыру курстарынан өтті, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұған дейін Өскеменде май өндіретін жаңа зауыт ашылғанын жазған болатынбыз.