Таразда жылына 2 мың дана ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыт салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Тараз қаласында жылына 2 мың дана ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттың құрылысы басталмақ. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Таразда жылына 2 мың ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыт салынады
Фото: ҚР АШМ

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров индустриялық аймақта болды. Ведомство басшысы ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын жаңа зауыттың капсуласын салу рәсіміне қатысты.

Жобаның инвесторы — Қытай Халық Республикасының «Kaz FM World agriculture machinery» компаниясы.

Жылына 2 мың дана техника шығаратын зауыттың құны — 3 млрд теңге. Мұнда 8 түрлі трактор моделі, күріш жинайтын және мақта теретін комбайндар, тіркемелі жабдықтар, тұқым сепкіштер шығару жоспарланған.

— Индустриялық аймақта су үнемдеу технологиялары саласында да жобаларды іске қосу көзделіп отыр. Мәселен, Akplas компаниясының жаңа жобасы жылына 200 мың гектарға дейін суару мүмкіндігін қамтамасыз ететін ирригациялық жабдық шығаратын зауыт салуды қарастырады, — делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, одан кем емес маңызды жобалардың бірі — Hualing Group Co. Ltd. компаниясының жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын зауыт салуы болмақ. Инвестиция көлемі — 10 млрд теңге, жылына 200 дана машина шығару жоспарланып отыр.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу керек екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар