16:45, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Таразда жол апатынан екі адам қаза тауып, екі адам жарақат алды
ТАРАЗ. 14 қараша. ҚазАқпарат - Таразда жүргізуші электр тіреуішіне соқтығысып қалды, оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, екі адам жарақат алды, деп хабарлады Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінен.

«Таңғы сағат алтыда «Мерседес-бенс» автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі теміржол вокзалына қарай орталық даңғылмен жүріп келе жатып, рулге ие бола алмай қалып, электр тіреуішіне соқтығысып қалды», - деп айтылған ведомство хабарламасында.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан екі жолаушы - 25 жастағы әйел адам және ер адам «Жедел жәрдем» бригадасы келіп жеткенше оқиға орнында көз жұмды. 25 жастағы үшінші жолаушы және апат салдарынан түрлі жарақат алған жүргізуші ес-түссіз қалпымен Тараз қаласының медициналық мекемелеріне жатқызылды.
Апаттан зардап шеккендердің барлығы да облыс орталығының тұрғындары.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу, сот сараптамасы жүргізілуде, деп хабарлайды Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінен.