«Таразы басында қоғам тыныштығы»: Еуропалық парламент депутаттары қазақстандықтармен бірге алаңдап, ниеттес екендігін білдіруде

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Латвиядан Еуропалық парламент депутаты Андрей Мамыкин 5 маусым күні Ақтөбеде орын алған лаңкестікті еуропалықтардың қалай қабылдағаны, егемен елдің ішкі ісіне сыртқы күштердің араласуына қатысты қарар қабылдау жайындағы Еуропалық парламенттің жоспары және Қазақстан мен Еуропалық одақтың құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттілігі жайында айтып берді.
None
None

- 5 маусым күні Ақтөбеде лаңкестік шауыл орын алды. Құқық қорғау органдары осынау қылмыстық әрекеттің алдын алу, лаңкестердің көзін жою үшін қатаң шаралар қолданды. Өкінішке орай, олардың шабуылы кезінде қаза тапқандар мен жарақат алғандар да бар. Дәл осы лаңкестер шабуылы Брюссельде қалай қабылданды?

- Әрине, саяси ұстанымына қарамастан, Еуропалық парламенттің барлық депутаттары қазақстандықтармен бірге алаңдап, оларға ниеттестігін білдіретіндігі еш күдік тудырмасы анық жайт. Мен де, қаза тапқандардың отбасыларына шын ниетіммен көңіл айтып, жарақат алғандардың тез арада сауығып кетуіне тілектес екендігімді білдіргім келеді.

Өкінішке орай, Еуропалық парламентке, оның бюрократиялық тетіктеріне байланысты 6-9 маусым аралығында Страсбург қаласында өткен жалпы отырыс аясында Қазақстанға қолдау көрсетуге бағытталған  қарар қабылданып үлгермеді. Ол ең біріншіден лаңкестіктің қылаң беруін айыптауы тиіс. Екіншіден, Қазақстан Республикасы мен лаңкестікке қарсы операцияларды жалғастырып жатқан күш-қуат құрылымдарына саяси қолдау көрсетуі қажет болатын. Үшіншіден, дәл осы парламентарийлердің қарары арқылы  көмек көрсетуге шақыруға болар еді.

Дегенмен, Ақтөбеде орын алған дәл осы лаңкестік мәселесі таяу аралықта Шетелдік істер жөніндегі комитеттің және мүмкіндігінше Азаматтық бостандық, Әділет және құқықтық тәртіп мәселелері комитеттері аясында  Еуропалық парламентте қаралатын болады. Мен осы мәселелердің күн тәртібіне қосылуы үшін бар күшімді салатын боламын.

- Экстремизм мен лаңкестік тек Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге барша әлем қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Қараша айында орын алған Париж терактісінен кейін Қазақстан Президенті халықаралық терроризм егемен елдің ісіне сыртқы күштердің араласуы арқылы мемлекеттіктің күйреуі екендігін айтқан болатын. Дәл осы анықтама сіз үшін қаншалықты көңілге қонымды?

- Бұл түбегейлі анық сөз. Бұл  процестің мәні мен шығу тегін дөп баса алатын адамның сөзі. Қазақстан Республикасының Президенті нақты әрі дұрыс анықтамасын беріп отыр. Өкінішке орай, соңғы уақытта мемлекеттегі саяси процестер мен әдепті зорлық-зомбылықпен ауыстыру дәстүрге айналып бара жатыр.

Біз демократияның ең басты құндылықтарын мүлдем қаперден шығарып бара жатырмыз. Оның ажырамас бөліктері мыналар ғой  пікірталас, пікірсайыс, сұхбат, газет беттерінде немесе теледидар алдында сөз таластыру, сонымен бірге соңғы нәтижеге дауыс беру.

Көптеген елдерде белгілі бір топтардың билікке қарудың көмегімен, билік басындағыларды жою, лаңкестік арқылы келуді армандайтындығы және оған дайын екендігі жайында ақпарат бар. 13 қарашадағы Париждегі, 22 наурыздағы Брюсселдегі, 5 мауысымдағы Ақтөбедегі жайттарды айтсақ та тоқ етері осы. Бұл тұрғыда сыртқы күштер осындай зорлық-зомбылық әрекеттерімен қоғамды қорқытып, билікті лаңкестердің ығына жығылуға мәжбүрлегісі келетіндігі байқалып жатады.

Менің өз басыма Израиль мемлекетінің философиясы қатты ұнайды. Бұл елдің лаңкестермен келіссөздердегі  басты ұстанымы  «Израиль террористермен келіссөздер жүргізбейді, тек қана көздерін құрту қажет». Дәл осыны Сіздердің Президенттеріңіз де Ақтөбедегі лаңкестіктен кейін баса айтып отыр.

Абырой болғанда, Қазақстанда қырағылық танытып, лаңкестермен күресте құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсететін адамдар бар. Бүгінде таразы басында барша қоғамның қауіпсіздігі тұр. 5 маусым күні Ақтөбеде лаңкестер барша Қазақстан халқын қорқытқысы келді. Алайда бұл олардың қолынан келмеді және ешқашан да келмек емес.

- Ақтөбе, Париж және Брюссельдегі лаңкестік арасында бірқатар ортақ ұқсастықтар байқалады. Олардың барлығын да жалған діни ағымдарды ұстанушылар  ұйымдастырған. Ал нұсқаулықты шетелден алып отырған. Сонымен бірге жастарының деңгейлестігі, іс-қимылдарының ұқсастығы көзге көрініп тұр. Осыған орай, ортақ қатерді еңсерудегі Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты қалай елестетесіз?

- 2015 жылдың 21 желтоқсанында Қазақстан Еуропалық одақпен жаңа буын келісімін жасасқан Орталық Азиядағы ең бірінші ел болды. Серіктестік мен ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы экономикалық және саяси байланыстарға айтарлықтай серпін беруге бағытталған.

Бұл келісім инвестиция, сауда-саттықты дамыту, инфрақұрылымнан бастап, құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастыққа дейінгі өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтиды. Енді іс жүзінде жүзеге асырылатын уақыт келіп жетті. Еуропалық одақтың арнайы қызметтерінде белгілі бір деңгейде тәжірибе бар және оны Қазақстандағы әріптестермен бөлісуге де болады. Өз кезегінде қазақстандық арнайы қызметтер Еуропалық одақ үшін де баға жетпес  құнды дүниелер ұсына алады деп ойлаймын.

Мен күш-қуат құрылымдарының ынтымақтастығын коммерциялық банктердің ынтымақтастығымен теңестіргім келеді. Қаржы ұйымдары клиент үшін бәсекелес болған кезде олар өздерінің жеке мақсаттары үшін іс-қимыл аясында әрекет етеді. Алайда, қаржылық қауіпсіздік мәселесі туындаған сәтте банктердің қауіпсіздік қызметтері алаяқтар, айла-амалдар және басқа да жайттар  туралы ақпараттармен өзара бөлісіп жатады. Дәл осындай жайт мемлекеттер арасында да орын алуы тиіс. Ресей мен АҚШ арасындағы саяси қарым-қатынас барынша күрделі болғандығына қармастан, арнайы қызметтер сын сағатында ақпарат алмасады.

Қорыта келгенде, бірқатар ұстанымды мәселелердің бар екендігін, оған лаңкестікпен күрес те жататындығын баса айтқым келеді. Бұл мәселе біздің ғаламшарымыздың барлық тұрғындарына түбегейлі қатысы бар. Бұл ретте бүкпе сыр мен қызғаныш деген болмауы тиіс. Дәл осынау түйісу нүктесі біздерді барынша жақындата түсетіні анық.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар